1. Басты
  2. Қара
Реклама
Реклама

Бозжыраға талас. Маңғыстаудағы тау неге танымал болды?

Tengrinews.kz тілшілері ең көп талқыланып жүрген туристік орындардың бірі - Бозжыра шатқалын өз көзімен көру үшін Маңғыстау облысына аттанды.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Tengrinews.kz тілшілері ең көп талқыланып жүрген туристік орындардың бірі - Бозжыра шатқалын өз көзімен көру үшін Маңғыстау облысына аттанды. Біздің репортерлер басынан-ақ бұл нысанға барудан қандай да бір артық үміт күтпегенін мойындаған. Бірақ күні бойында Бозжырада болған олар өз пікірінің қате болғанына көз жеткізді. Бозжыра - бұл таңғаларлық таулар ғана емес, бұл мүлдем басқа ғаламшар.

Мынадан бастасақ орындық болар - біз боран соғып тұрған Нұр-Сұлтаннан Ақтауға келгенімізде қатты таңғалдық. Мұнда қар жауған екен. Бірақ жергілікті тұрғындар мұнда қар жауса, тез-ақ еріп кететінін айтты.

Жаңаөзен қаласына қарай бет алған бойда қыс туралы ұмыттық, Бозжыраға баратын жол осы елді мекен арқылы өтеді. Бұл жерде күн күндіз шақырайып тұрғанда солтүстік өңірдің тұрғынына көктем келгендей әсер етеді екен, кейде тіпті баскиімсіз жүре аласыз. Бірақ жаңаөзендіктерге нағыз көктем кешірек келеді.

Біз бірден атақты тауға барғымыз келді. Бірақ білетін адамдар ол жақта жақында жаңбыр жауғанын, сондықтан жол талғамайтын көлікпен барсақ батып қалуымыз мүмкін екенін айтты. Сондықтан жердің кебуін күтіп, Жаңаөзенде екі күн бола тұруымызға тура келді (Жаңаөзенде адамдардың қалай өмір сүретіні туралы толығырақ келесі репортаждардың бірінен оқыңыз).

Шын мәнінде Бозжыраға баратын жол әлдеқашан салынған. Онда туристерді ақылы түрде алып жүретін арнайы агенттіктер де бар.

Тасымалдаумен айналысатын адамдардың айтуынша, мұндай қызмет орташа есеппен 70 мың теңге тұрады (жүргізушімен бір джип үшін бір күннің сомасы). Клиент қаласа, тамақ мәселесін де ұйымдастыруға болады, бұл әр адамға шаққанда - он мың теңге. Бірақ біз арзан жолсерікті таптық. Бізге жеңілдік жасалған шығар, себебі жөнелту пункті бізде Ақтау емес, Жаңаөзен қаласы болған.

Бозжыраға баратын жол шөлді жер арқылы өтеді.

Жолда мұнай өндіру орындарын, түйелерді көрдік, сосын Сенек ауылы маңынан өттік.

Ауылда бәрі құмды, бұл ландшафтта ерекшеленетін жалғыз нәрсе - I love Senek жазуы.

Бірақ көп ұзамай өркениеттің барлық ізі артта қалып, біз таулы жерден бірақ шықтық.

Бірден айтайық, мұнда жол талғамайтын көлікпен ғана келуге болады. Олардың өзі тасты шөлден әрең өтеді.

Егер көп көлік салған із жолдан ойда жоқта шығып кетсеңіз, онда қалыпты жылдамдықпен жүру үшін бұл қиын лабиринттен шығу үшін ұзақ уақыт іздеуге тура келеді.

Әрлі-берлі әжептәуір теңселдік, сондықтан әр тоқтаған кезде есіңді жиып аласың. Бұл кезеңде ешқандай көрікті жерлер туралы ойлай алмайсыз.

Бірақ уақыт өте келе вестибулярлық аппарат қалпына келеді және назар салып, алғашқы танымал тауды байқайсыз. Сол 1000 теңге купюрасында бейнеленген тау.

Содан кейін тағы бір аялдама болады.

"Өтінемін, бұл жерді тирамису деп атамаңыз", - дейді кейінірек Ақтау тұрғыны біздің әртүрлі қабаттан тұратын таулар туралы сұрағымызға.

Бірақ біздің мақсатымыз - Бозжыра. Біз көтерілеміз де...

Бізді табиғат қорғау инспекциясының қызметкерлері тоқтатып, деректерімізді жазып алады. Білу үшін ғана.

Олармен бейбіт түрде қоштасып, әрі қарай жүреміз, жұмыс істейтін генераторы бар контейнерлерге жетеміз.

Мұның қандай нысан екенін біле алмадық. Тағы да вагон күзетшілерімен тату-тәтті қоштаса отырып (олардың мақсаты туралы аудан әкімі кейінірек айтып береді), біз Бозжыраға қарай бет алдық.

Жолда бізбен бірге жаңаөзендік фотограф жүр. Жасы 33-те. Осы өңірдің тумасы болса да, Бозжыра туралы бірнеше жыл бұрын ғана білгенін айтады.

Кейін бізге басқа адамдар да солай деді.

"Жарым Жаңаөзенде туған, бірақ ол Бозжыра туралы ешқашан білмеген, онда бұрын-соңды болмаған. Менің әкем де, анам да, ағам да, достарым да ол жаққа барып көрмеген. Мен өзім бұл жер туралы 2017 жылы әлеуметтік желі қолданушыларынан білдім. Шынымды айтсам, бұған дейін ол жерде мұндай тау барын, бізде осындай әдемі жер барын білмеппін", - дейді Ақтау тұрғыны Азамат Сәрсенбаев.

Ол Бозжыра осылай танылуына пандемия себеп болды деп санайды, бұл бағыттағы туризм былтыр дами бастаған.

Қарақия ауданының әкімі (Бозжыра соның аумағында орналасқан) Қыдырберді Беков 2011 жылдан бастап (әкім орынбасары ретінде) жұмыс істегеніне қарамастан, Бозжыра туралы 2015 жылы білгенін айтты.

"Мен өзім Бозжыраға 2017 жылы бардым, сол кезде көктемде туристерді, оның ішінде велосипедпен келген шетелдіктерді көрдім. Тіпті біздің кейбір жергілікті тұрғындарымыз оның қайда екенін мүлдем білмейді, олар бұл нысан Жаңаөзен қаласына жақын жерде деп ойлайды, бірақ ол одан өте алыс", - дейді әкім.

Ал кейбірі Бозжыра кеңге танылмаса да, біраз адам білетін орын екенін айтады.

"Көптеген турист пен саяхатшы Бозжыра туралы өте жақсы білді, шатқалға келді. Мен алғаш рет 2016 жылы бардым, сондықтан бұл көрнекі жер бұрын белгісіз болды деу дұрыс емес", - дейді саяхатшы, тревел-блогер және экобелсенді Нұржан Алғашов.

"Бозжыра бұрыннан танымал, негізінен шетелдік клиенттер барады, біз әрдайым шетелдіктерді сол жерге апаратынбыз, ал олар, негізінен, бізге Бозжыра және тағы бірнеше орын үшін арнайы келетін. Сондықтан, жергілікті халық, тіпті, 90 пайызы білмесе де, бұл бәрі білмейді дегенді білдірмейді. Ол бұрыннан танымал орын, тек пандемия кезінде қазақстандық турист Бозжыра туралы ести бастады, шетелдік турист оны бұрыннан біледі", - дейді "Экспедиция 362" қоғамдық бірлестігінің директоры Ерлан Жұмаев.

Бұл уақытқа дейін фотограф екеуміз Бозжыраны өз көзімізбен көрмедік. Енді ғана осындай мүмкіндік туды. Біз екі төбенің алдына келіп тоқтадық - тек тыныштық байқалады.

Артық шу, дыбыс жоқ. Өте сирек кездесетін өсімдіктер мен тастар, тастар, тастар... Тастарды қолыңызға алсаңыз, қиялыңыз сан-саққа жүгіреді. Тастар жануарлардың сүйегіне қатты ұқсайды.

Бұл жерде бір сағат жүргеннен кейін "Мен, шынымен де, Жердемін бе?" деген ой келеді. Бұл басқа ғаламшар шығар?

Қолда бар деректерге сүйенсек, Бозжыра - ежелгі мұхиттың түбі. Бұл ойдан қиялыңыз тағы сан-саққа жүгіреді. Көзіңізге қиял-ғажайып фильмдегі үлкен-үлкен толқын елестейді.

Күн батуға жақындады, біз табиғаттың бұл кереметіне басқа қырынан қарағымыз келеді. Тағы да бізді биік беткейлер, өткелсіз жол күтіп тұр. Кейін шыңға жаяу көтерілесіз. Соңғы күшіңізді салып, шыңға шықсаңыз, алдыңыздан керемет көрініс ашылады.

"Бозжыра - біздің дауласатын тақырыбымыз", - дейді жергілікті тұрғындар.

Шынында да, табиғаттың бұл кереметі көптеген пікірталас туғызды. Былтыр Бозжыраның маңында қонақүй салынады деген ақпарат шыққан. "Азу тістерді" (халық екі орталық төбені осылай атайды) көрген адамдар құрылысқа қарсы екенін айтқан. Шу қатты болғаны соншалық, Бозжыра қорғаушыларының жан-айқайын Ақорда естіп, Президенттің өзі қонақүй салу жобасын қайта қарауды тапсырған болатын.

"Мен туризмнің дамуын қолдаймын, басқа мәселе жергілікті биліктің оны қалай бизнеске айналдыратынында. Бозжыраның басты көрікті жері - "азулар" мен басқа жартастарға жақын маңда бассейн, спа, мейрамханалары және басқалары бар бутик-қонақүй салу жоспарланғанын естідік. Бұл, әрине, мүлдем қате шешім, мен бұған қарсымын", - дейді экобелсенді Нұржан Алдашев. Ол қазіргі уақытта 8000-нан аса адам қол қойған Бозжыраны қорғауға арналған петицияға сілтеме береді.

"Қайталап айтамын, мен қонақүйлердің салынуына қарсы емеспін, бірақ неге олар мұны ерекше табиғи аймақта тұрғызбақ? Бозжыра шатқалы маңындағы қонақүй құрылысы миллиондаған жыл бойы тұрған табиғи нысанның көркін бұзады.

Туристерге шатқалдың табиғи келбеті қызық. Қонақүй салынып, ол барлық жақтан көрініп тұрса, мұны адамның табиғатқа қол сұғуы дер едім. Сондықтан көптеген эколог пен маман, туризмді қалай дамыту керегін түсінетін адамдар қонақүйді жолдың маңында немесе Бозжыра шатқалынан 20 шақырым радиуста салуды ұсынады. Бірақ ешбір жағдайда шатқалдың өзінде емес, бұл өте маңызды, өйткені қазіргі локациядағы құрылыс Бозжыраның бірегейлігін жояды, оны кейін қалпына келтіре алмаймыз", - дейді Алғашов.

"Қазір Бозжыра туралы ақпарат көп және бұл салада ештеңе түсінбейтін көптеген адам өзін сарапшы санап, қонақүй қажет екенін айтып жатыр. Олар "Қонақүй салынса, Бозжыраға барамыз" дейді. Бірақ мен қонақүй салынса да олар Бозжыраға бармайды деп сенімді айта аламын, өйткені бұл қонақүйдің бағасын Қазақстан халқының 99 пайызының қалтасы көтермейді", - деп сендіреді Алғашов.

Бозжыра маңында адамдар қалдырған қоқысты көп байқадық: кофеге арналға стақан, шырын қаптамасы, медициналық маска. Бұған дейін бұл жерге былтыр шамамен 5000 адам келгені хабарланған. Биыл одан да көп келуі керек деп жоспарланған. Бірақ қазір Бозжырада маусым басталған жоқ, адамдар сәуірден бастап ағылады. 

"Бозжырада қонақүй, визит-орталық салынып, өркениетті туризмді дамыту жоспарланғанын естігенімде қатты қуандым, өйткені онда Rixos келсе (бұған дейін Бозжырадағы жобаны Ақтауда Rixos қонақүйін салған компания іске асыратыны туралы ақпарат болған), онда жақсы жол, ақпараттық қолдау мен қоқыс аз болатынын түсіндім.

Өйткені біздің Маңғыстауда туристік нысан өте көп, оларды тазалауға еріктілерден басқа ешкімнің құлқы жоқ. Сондықтан әрбір туристік бағытқа тазалық пен табиғатты сақтауға мүдделі адамға қажет. Мен бұған үгіт-насихатты белсенді жүргіземін", - дейді қоғаммен байланыс жөніндегі маман Азамат Сәрсенбаев.

Ол "азуларға" жақын жерде қонақүй салынуына қарсы болған, бірақ кейін жоба қайта қаралатыны белгілі болғанда сабырға келгенін айтады. 

"Бастапқы жоба бойынша олар қонақүйді бір шақырым жерде, "азулардың" етегінде салғысы келді. Сол кезде мен де оған қарсы болдым. Содан кейін жергілікті органдар жиналып, басқа жерді ұсынды - бұрынғыдан төрт шақырым жерде. Жаңа орынның ерекшелігі - шатқалдан кіріп-шығатын жер, мұнда туристер ағынын бақылау оңайырақ болатын.

Көбі Сенек ауылында (Бозжырадан 70 шақырым жер) немесе 20 шақырым жерде тұрғызыңдар дейді. Бірақ мұның мәні не? Басты мақсат қорыққа жол талғамайтын көлікті кіргізбеу емес пе? Визит-орталық 20 шақырым жерде салынса, ал адамдар Бозжыраға дейін 20 шақырымды жаяу жүрсе, бұл кімге керек?" - деген сұрақ қояды Азамат.

Бірнеше күн бұрын Қарақия ауданының әкімі Tethys Aktau IV ЖШС басшысымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ол жобаны Бозжыраға жақын жерде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

"Біз этноауыл түріндегі қонақүй кешенін салу үшін көлемі 28,1 гектар жер телімін бөлдік. Ол Бозжырадан төрт шақырым қашықта орналасады. Бозжыраның өзі ашық туристік нысан ретінде қала бермек", - деді әкім.

Туристерді этноауылдан Бозжыра шатқалына дейін тасымалдау үшін жергілікті тұрғындардан түйелер мен жылқыларды жалға алу мәселесі қарастырылады.

"Түйе, ат, квадроциклмен. Сонымен қатар, адамдар ол жерге қазіргідей өзі жаяу бара алады немесе туристік агенттіктің қызметтерін пайдалана алады", - деп түсіндірді шенеунік.

Оның айтуынша, бастапқыда қонақүй кешенінің құрылысы таудың етегінде болады деп жоспарланған, бірақ содан кейін жоба қайта қаралды.

"Бозжыра маңында құрылыс салынбайды. Егер бұрын жоба Бозжырадан бір шақырым жердегі екі таудың маңында салынады деп болжанса, енді инвесторлар бұл учаскеден төрт шақырымға кейінге шегінді. Ол аумақ та біздің ауданның жер қорына кіреді. Қазіргі уақытта инвестор жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Рұқсат алғаннан кейін құрылыс басталады", - дейді әкім.

Сондай-ақ, әкімдік шатқалға дейінгі көлік жолына ЖСҚ әзірлеуге өтінім берді.

Таулы аймаққа барар жолда байқаған контейнерлерге келетін болсақ, әкімнің айтуынша, олар инвесторлардың техникасы.

"Онда арнайы техникалар жоқ, олар жоба үшін қажетті геологиялық өлшемдер алды", - дейді ол. Бековтің айтуынша, егер инвестор рұқсат алса, онда жоба биыл жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда құрылыспен келіспейтін адамдар бар, сондықтан әкімдік түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

"Біздің Жаңаөзен, Сенек, Құланды, Бостан, Болашақ ауылдарының жергілікті тұрғындары туризмді дамытуды қолдайды, тіпті өз пікірлерін айтып, жобаға қарсы болған белсенділер де қазір құрылысқа қарсы шыққан блогерлермен келіспейді. Біздің мамандар жобадан қорықтар мен қоршаған ортаға келетін ешқандай зиян жоқ деп санайды. Туризмді дамыту керек, бұл экономика", - деді Қарақия ауданындағы ауыл әкімі.

Қарақия ауданындағы ауыл

"Құжатқа сәйкес, Tethys Aktau IV ЖШС-ға бірқатар нақты міндеттер жүктелді. Жергілікті тұрғындарды қонақүй және мейрамхана ісінде қызмет көрсету саласына оқыту, кейін жұмысқа орналастыру. (...) Инвесторға этноауыл жобасын іске асыру арқылы флора мен фаунаға, топырақ қабаттарына, жануарлар дүниесі мен табиғатқа ешқандай зиян келтірместен мәдени туризмді дамыту тапсырылды", - делінген әкімдік қол қойған меморандумға қатысты хабарламада.

"Экспедиция 362" қоғамдық бірлестігі директоры Ерлан Жұмаев Бозжырадағы құрылыс мәселесінде айнымас қағида ұстанған, бірақ қонақүй құрылысы жоспарланған орын ауыстырылғаннан кейін пікірін өзгертті.

"Билік бұл жобаға толықтай қолдау көрсетіп отырғаны түсінікті, мен оларды да түсінемін, өйткені біздің өңірге инвестиция тарту оңай емес. Инвестор нысанды мүмкіндігінше тауға жақындатқысы келеді. Алдымен олар нысанды дәл тау етегіне салғысы келген, бірақ ол бүкіл табиғат көрінісін бұзады", - дейді ол.

Экоактивист Нұржан Алғашов Бозжыра шатқалының ЮНЕСКО табиғи мұрасы нысанына айналуын қолдайды.

"Бұл жер ЮНЕСКО-ның табиғи мұрасына айналуы үшін адамдар араласпауы керек, яғни табиғи нысанның бірегейлігі сақталуы қажет", - деді ол.

Біз Бозжырадан кетіп бара жатып тау шыңында көрінген ақ қағазды байқадық. Ол - жолдау болатын.

Оның авторлары Бозжыраға келушілерге жақсы демалыс тілейді. Олардың тек бір өтініштері бар. Ол - тазалықты сақтау.

Қараңғы түсіп, күн суытқанда біз төмендегі көлігімізге түстік. Осы сәтте Бозжыраның тәулік уақытына қарай құбылып тұратынына таңғалдық. Көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, өзге ғалам дерсіз!

Мәтін: Ренат Ташқынбаев
Фото: Тұрар Казанғапов

Реклама
Реклама