1. Басты
  2. Қара
Реклама
Реклама

Кездесуге барамын деп АЛЖИР-ге түстім. Ақмола лагеріндегі әйелдер тағдыры

АЛЖИР - ҚарЛАГ арнайы бөлімінің 17-ші әйелдер лагері. Бұл лагердің ерекшелігі - мұнда "Отанын сатқандардың" әйелдері, әпке, аналары

АЛЖИР - ҚарЛАГ арнайы бөлімінің 17-ші әйелдер лагері. Бұл лагердің ерекшелігі - мұнда "Отанын сатқандардың" әйелдері, әпке, аналары мен қыздары болған, олардың көбі КСРО ішкі істер халық комиссариатының № 00486 жедел қаулысына сәйкес репрессияға ұшыраған. Түрлі дереккөздер бойынша, бұл лагерде қуғындалғандардың жалпы саны 18 мыңнан асқан.

Бүгінде бұрынғы лагердің орнында "АЛЖИР" музей-мемориалдық кешені тұр.

Реклама
Реклама

Жақында музей қайта құрудан кейін есігін ашты. Мұражай мұрағаттарын толтыратын - бұрынғы тұтқындардың ұрпақтары. Олар өмірі АЛЖИР-мен байланысты адамдардың сурет, құжаттары мен жеке заттарын әлі күнге дейін алып келеді.

Лагерге кіребесіс осындай. Бұл экспозицияда "халық жауларының" бірінің әйелін тергеп жатқан көрініс байқалады.

Әйелдің аяқтарына назар аударыңыз. Музей қызметкерінің айтуынша, тергеушілер жауап алғанда адамды әдейі биік орындыққа отырғызған.

"Тұруға мүлде болмаған. Әрбір 2-3 сағат сайын инспекторлар бір-бірін алмастырып отырған, ал әйелдердің орнынан тұруға мүмкіндігі болмағандықтан, биік үстелде отыра беріп аяқтары ісіп, капиллярлары жарылған екен. Көбі қиналғаннан талып қалып, оянғанда кез-келген қағазға қол қоюға дайын болған. Ал қамау мерзімі 5-8 жылға созылған.


Мына экспозиция "Кісен" деп аталады. Бұл әйелдерді ұстаған камералардың бірі.

Бұдан кейін мұражай қонақтарына баланың жылаған дауысы естіледі. Ол кереуеттен шығып жатыр, бұл лагерь экспозициясының кішігірім фрагменті болып саналады.

Мұражайдың ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Елена Саморокованың айтуынша, экспозицияда "АЛЖИР" әйелдерінің өмір сүрген жерінің бір бөлігі ғана көрсетіледі. Нағыз қамау орнына үш жүз адам сыйған.

"Барақты олар өздері салған, нақтырақ айтқанда ол саманнан (саз және сабан қоспасы) жасалған, ал әйелдер оны аяғымен араластырған", - дейді ол.

Барақ үстіне қамыс төселген екі қабатты төсек-сәкімен жабдықталған. Осы қамыспен олар бөлмелерін жылытқан. Бірақ ол тез жанып кете бергендіктен, тұтқындар күні-түні кезекшілік атқарған. Әрине, оның көмегі де шамалы еді, себебі қыста бөлменің температурасы 3 градустан жоғары көтерілмейді. Лагерь тұтқындары қамысты өздері жинаған. Әр адам күніне 40 орам теруі керек. Ал жоспарды орындамағандар тамағынан айырылады, не болмаса жақындарына хат жолдау мүмкіндігін жоғалтады.


Музейге алып келінген хаттардың бірі.

Әйелдерді қамыс жинауға алып бара жатыр. Қоршаудың үстіндегі "26 точка" жазуы - лагердің ресми атауы.

"Әйелдер аштықтан, суықтан, ауру мен өмір сүрудің қарапайым жағдайлары болмағандықтан мерт болды. Олар күнде таңертең суға пісірілген бір ожау ботқа мен түсте өздері әзірлеген сорпаны ішкен. Әлбетте, тағамдары да өте сапасыз болған: шірік картоп, үсіп кеткен қырыққабат және басқалары. Олар дәрумендердің жетіспеушілігінен жүдеп, негізінен аштықтан қайтыс болған", - дейді Елена Саморокова.

Жылы мезгілде әйелдер бау-бақша егумен және басқа да жұмыстармен айналысқан. Сол кездегі олар жасаған суару жүйесі осы күнге дейін сақталған.

Барлық қайтыс болған әйелдер бір қабірге көмілді. АЛЖИР тұтқындарын жерлеген орын ауылдың сыртында орналасқан. Марқұмдардың нақты саны әлі күнге дейін ешкімге аян емес.

Бұл АЛЖИР лагерінің жоспары. Ол мұнда жақында ғана келді. Картаны лагерде тұтқында болған әйелдің қызы құрастырған. Ол кескінді анасының айтқандары бойынша сызыпты.


Мәриам Анцис, осы кісінің естелігі бойынша лагердің нақты жоспары қалпына келтірілді.

Айыш Құлымбетова ҚазКСР Орталық атқарушы комитетінің төрайымы Ұзақбай Құлымбетовтің жары. 1938-1946 жыл аралығында АЛЖИР-де тұтқында болған. Ол 1973 жылы Алматыда қайтыс болды.


Айыш Құлымбетова.

Азиза Рысқұлова, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың жары. Ол күйеуінің өлімінен кейін сегіз айлық қызымен бірге АЛЖИР-ге жіберілген. Онымен бірге анасы Алифа Есенғұлова да тұтқындалды, оған күйеу баласы үшін тыңшылық жасады деген айып тағылды. Әйел сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ шығуына бір күн қалғанда қайтыс болған. Ол туыс бауырластар қабірінде жерленген.


Суретте Хадича Хакимов - Сауд Арабиясындағы КСРО-ның бірінші өкілетті өкілі Кәрім Хакимовтың жары. Ер адам 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, атылған. Онымен бірге дипломат Назір Төреқұлов репрессияға ұшырады, оның әйелі де лагерге айдалған. Осы оқиға салдарынан Сауд Арабиясы Кеңес Одағымен дипломатиялық қатынасын үзді.

Гертруда Платид 1938 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның естелігі бойынша Раиса Голубева "Құрт - асыл тас" өлеңін жазылған.

Кира Андроникашвили танымал грузин актрисасы болған. Оның күйеуі, ақын Борис Пильняк атылғаннан кейін ол да АЛЖИР-ге жіберілген.


Кира Андроникашвили 1937 жылы қамауға алынды.

Суретте Анна Енданова бейнеленген. Ол АЛЖИР-дің соңғы тірі қалған тұтқыны болды. Ол Астанада тұрып, 2014 жылы 96 жасында қайтыс болған.

Анна Енданова НКВД тергеушісі болған күйеуі қызетінен босап, атылғаннан кейін қуғынға ұшырады. Музей қызметкерінің айтуынша, әйел үшін ең ауыр соққы - лагерде жүргенде балалар үйіндегі екі баласы аштықтан қайтыс болды деген хабарды естігенде болған.

Лидия Русланова АЛЖИР-де екі ай болып, кейін басқа мекемеге ауыстырылған.

Ол РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі. Күйеуінің өлімінен кейін танымал фронт-әнші АЛЖИР-де халық жауының әйелі ретінде жазасын өтеген.

Ента Лихтенштейн 1937 жылы қамауға алынды. Ұлты бойынша еврей болған. Музейдегілердің айтуынша, лагерде еврей әйелдердің саны 855 болған, олардан көп тек орыс әйелдері екен. 

Татьяна Окуневская - танымал кеңес әртісі. Музейдің ғылым қызметкерлерінің айтуынша, әйел мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты комиссар Виктор Абакумовпен өзара келісімге келмегені үшін сотталған. Кейбір мәлімдемеге сәйкес, әскери қызметкер ұзақ уақыт бойы оны өзіне қаратқысы келген, бірақ әйел бас тартқан соң, оны 10 жылға АЛЖИР-ге жіберген.

Мария Даниленконы күйеуіңмен кездесесің деп алаяқтықпен түрмеге алып келген. Кейінірек ол жұбайының сол уақытта атылып кеткенін біледі. Әйел 8 жыл бойы АЛЖИР-де отырған. Босатылғаннан кейін Алматыға кетіп, қалған өмірін сонда өткізген. Мария Даниленко 2009 жылы 102 жасында қайтыс болды.

Елена Саморокованың айтуынша, әйелдердің көбі түрмеге алданып келген, оларға күйеуіңмен кездесесің деп уәде берілген. Болашақ тұтқындар соңғы сәтке дейін кездесуге үміттеніп, әдемі киімдерін дайындап жүрген, бірақ сол кезде жұбайларының көбі тірі болмаған.

Көпшілігі мұнда балаларымен әкелінген, кейбірі сол кезде жүкті болған. Үш жасқа дейінгілер "балалар" барағында болған, ал кейін НКВД органдары оларды лагерден балалар үйіне жіберіп отырған. Үлкен балалармен мәселе жеке-жеке шешілді, бірақ музей қызметкерлерінің айтуынша, 14-15 жастағы қыздар аналарымен бірге лагерге жіберілген жағдайлар жиі кездескен.

Бостандыққа шыққаннан кейін әйелдер балаларын тауып, өзіне қайтаруға тырысқан.

Бірақ ондай мүмкіндік барлығында болмады.


Бұл Қарағанды маңындағы "Мамочкино маласы". Шамамен келтірілген мәліметтерге сәйкес, мұнда босанып жатқан кезде қайтыс болған 2,5 мыңға жуық бала мен әйел жерленген.

Лагерь жұмыс істеп тұрғаннан бастап мұнда 1507 бала дүниеге келген. Олардың көбі зорлық-зомбылықтың нәтижесінде туған, бірақ әйелдер кейде саналы түрде жүкті болуды қалаған, өйткені мұнда болашақ аналар қиын жұмыстан босатылды.

Мұнда туған балалар үш жасқа дейін аналарымен болған және "мамкин дом" аталатын барақта анасы бостандыққа шыққанша тұрған. Балаларға әрдайым аналарымен болуға рұқсат етілмеді, ал әйелдер оларды тамақтандыруға сирек келе алатын.

Музей қызметкерінің айтуынша, АЛЖИР жұмыс істеп тұрғаннан бастап үш бөлім басшысы өзгерген. Айтуынша, лагерь тұтқындары, әсіресе бірінші басшының, Михаил Юзипенконың қатыгездігін ерекше атаған, тұтқындардың естелігі бойынша ол әйелдерді қорлаған: қамшымен ұрып, оларды мүлдем адам қатарына қоспаған.

Лагердің жабылғанына 36 жыл толғанда, бұрынғы тұтқындар қайтадан кездесті. Кездесуді жергілікті шаруа қожалығының директоры Иван Шарф ұйымдастырды. Жиын 1989 жылғы 17-18 қазанда өтті және бұл АЛЖИР тұтқындарының алғашқы және соңғы кездесуі болды. Тарихқа куә болған бұрынғы тұтқындар бір-бірімен ұзақ әңгімелесіп, өткенді еске түсіреді. Бұрын лагерь туралы айтуға тыйым салынған, себебі әйелдер бостандыққа шыққанда ақпарат таратпау туралы қағазға қол қойған.

Осы кездесуге лагердің бұрынғы басшысы Михаил Юзипенко да келді. "Ол кездесуге қорықпады. Әйелдер оны талап жібере жаздады. Қолдан ұстап амандасайын десе, одан барлығы қашқақтайды", - дейді Елена Саморокова.

Дегенмен, сол күні әйелдер өзге лагерь басшысы Сергей Бариновты жылы қабақпен еске алды. Ол болашақ НКВД басқармасының басшысы, "халық жауларының" әйелдерін тұтқындауды әділетсіз деп санаған. Алайда жаза ретінде оны АЛЖИР-ге басшы қылып жіберген.

"Әйелдер оны өзара Валерьян Валерьянович деп атаған, себебі Сергей оларды тыныштандырып, көмек көрсетіп, қолдап отырған. Дәл оның уақытында хат алмасып, сәлемдеме алуға рұқсат етілді. Кейде жақындармен көрісуге де болатын. Лагерден шыққаннан кейін бұрынғы тұтқындар омен байланысын үзбеген, тіпті қонаққа барып тұратын", - дейді Елена Саморокова.

"Тұтқындардың көбі лагерден босатылғанда осында қайта қалып жұмыс істейтін, себебі баратын жері болмаған. Олар тікенді сымның екінші жағында қызмет атқарып, тіпті жалақы алған. Нәтижесінде көбінің екінші отаны Қазақстан атанып, осында қалған. Қазір АЛЖИР тұтқындарының ұрпағы әлі күнге дейін елімізде өмір сүреді", - деп аяқтады ол.

Материалды дайындаған: Мирхат Ажығалиев.