Риддер. Өрттен кейінгі өмір
Күйік иісі, өртенген қарағай діңі мен тыныштық... Жүріп бара жатып аяғың қалың күлге кіріп кетеді. Бір күн бойы өрт болған Риддер қаласын бізді осылай қарсы алады. Tengrinews.kz тілшісі алапат өрт орнына барып қайтты.
Өртті жол да тоқтата алмаған, оның күшті болғаны сонша, жолды кесіп өтіп, ештеңеге қарамастан алға жылжи берген.
Владимир Трофимов.
"Мұндай күшті өрт 10 жыл бұрын болған. Бірақ ол кезде өрт басқа жаққа бұрылып кеткен. Мұнда бәрін қатты жел мен аптап қиындатты, оған қоса қала маңында үйлер басталады", - дейді Владимир Трофимов.
Ол көрші орман шаруашылығының орманшысы. Мұнда әріптестерімен бірге қалған отпен күресу үшін көмекке келген екен.
"Ағаштардың төбесі жанды. Ең қорқынышты әрі күрделі өрт осы. От ағаштармен тасжолдан өтіп, әрі қарай жүріп кетті", - деп жалғастырды орманшы Роман Очаковский.
Оның айтуынша, негізгі жұмыс орындалды - өрт жойылды.
"Адамдар абайсыздығы мен немқұрайдылығы осындай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінбейді. Қазір орманда жандырған отын сөндірмей кетіндер бар... Ішің ашиды ...", - дейді Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Владимир Макаров әңгімеге қосылып.
Өрт сөндіру мен оның салдарымен күреске Риддерге барлық күш құрылымы жұмылды: өртсөндірушілер мен құтқарушыларға көмекке көрші орман шаруашылығы, қорық орманшылары барды.
Риддерге кіреберісте әлі күнге дейін полиция қызметкерлері кезекшілік етеді, жолда ауысымға келе жатқан құтқарушылар, орманшылар мен еріктілер отырған автобустар жүр. Ал міндетін орындағандар қайтып барады.
Орман аяқталған соң бірден Лихачев көшесі басталады. Сондықтан өрт бірінші болып сонда жетті. Жер-көктің бәрі күл. Пеш құбырлары, шоққа көмілген үйлердің іргетасы, темір төсектер мен басқа да металл заттардан өзге дүние жоқ. Кей жерде газ баллондары тұр - өртсөндірушілер жарылыс болмау үшін бірінші кезекте соларды шығарған.
Бетон баспалдақтан біреудің қолғаптарын және жануарларға қалдырып кеткен тамақ пен суды көрдік. Үй иелері мысықтары мен иттері аман оралады деп үміттеніп жүр.
Көрші аулада алаңдаған бір әйел жүр. Өрттен не қалды екен деп қарап жүр ме, әлде үйімен қоштасты ма. Бір кезде кіреберісіне отыра қалды. Үйінен қалғаны осы.
Мұнда әр аулада полиция қызметкерлері бар. Олар өрттен қалған заттарды тонаушылардан қорғайды.
"Біз құқық тәртібін қорғауды, мүліктің сақталуын, өрт сөндіру көліктерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз етеміз. Адамдарға барынша көмек көрсетеміз", - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары полиция полковнигі Андрей Ларионов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұнда 200 адам тәртіпті қадағалайды: Риддер полиция бөлімінің, Глубокое және Шемонаиха бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ Өскеменнен келген әріптестер.
"Бұзақылық немесе тонау деректері болған жоқ. Болмайды да", - деді ол.
Негізгі өрт жойылса да, өртсөндірушілерге әлі жұмыс бар. Біреу қоқыстарды реттеп жүр, біреу қирандыларға су толтырады. Олардан әлі түтін шығып жатыр.
Дмитрий Титов.
"Қазіргі уақытта аэровизуалды тексеру жүргізіп жатырмыз, өрттің нақты жиегі жоқ, тұрғын үй секторындағы өрт толық көлемде жойылды. Орманда да өрт жоқ, бірақ онда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін 138 орманшы бар", - дейді Дмитрий Титов.
Оның айтуынша, өрт өте ауыр болды - 283 гектар орман өртенді. Риддер қаласының әкімдігі тарапынан ТЖ жариялау туралы өкім шығарылды.
"Өрт - қорқынышты құбылыс, бірақ өрт сөндіру кезінде ең қорқыныштысы - тұрғындар арасындағы үрей... Адам оттың қандай жылдамдықпен қозғалып келе жатқанын, ол үйге, өзіне, отбасына нақты қауіп төндіретінін көргенде, адам өз-өзінен лапылдап тұрған жалынға жүгіруі мүмкін. Бірақ Риддер тұрғындары арасында, абырой болғанда, мұндай оқиға болған жоқ. Иә, адамдар қорықты, бірақ көбі үйінен өзі кетіп, өртсөндірушілерге көмектесті", - дейді Дмитрий Титов.
Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковтың айтуынша, өрт кезінде барлық қызмет жедел әрі кәсіби түрде жұмыс істеді.
"Шынында да, біздің қалаға ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен апат болды. Зардап шеккен адамдар көмексіз қалмайды. Олармен психологтар, қала әкімшілігінің өкілдері жұмыс істейді. ШҚО әкімі Даниал Ахметов жеке өзі келді. Зардап шеккендердің бәрі тұрғын үймен және барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіледі", - деді ол.
Бұған дейін Риддер қаласының ауданында алапат өрт шыққаны хабарланған болатын. Өрт тез тарап, орман шаруашылығының тұрғын үйлеріне ұласты. Ондағы тұрғындар эвакуацияланды.
Кейін екі ер адам қатты күйіп қалғаны және жанып кеткен әйелдің мәйіті табылғаны хабарланды.
Соңғы деректер бойынша, Риддер қаласында 35 үйді жалын шарпыды, 9 үй зардап шекті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Лесхоз кентінің өрттен зардап шеккен тұрғындарына көмек көрсетуді өз бақылауына алды.