Абай облысында сот сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаға дәрі-дәрмек алуға көмектесті

Фото:depositphotos.com

Абай облысында сот сирек кездесетін генетикалық ауруға шалдыққан баланың отбасына өмірлік маңызы бар препаратты алуға көмектесті. Ата-ананың өтінішінен кейін өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бір ай ішінде дәрі-дәрмекті берді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі сот баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Не болды?

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына кәмелетке толмаған қыздың әкесі талап арызбен жүгінген. Ол денсаулық сақтау басқармасына қызын қажетті "Анакинра" ("Kineret") дәрілік препаратымен қамтамасыз ету міндетін жүктеуді сұраған.

Жарнама
Жарнама

Істі қарау барысында сот бала сирек кездесетін генетикалық ауру - ювенильді идиопатиялық артриттің жүйелі түрімен ауыратынын анықтады. Бұл ауыр дерт және аталған дәрімен тұрақты ем қабылдауды талап етеді.

Анықтама: Ювенильді идиопатиялық артриттің жүйелі түрі - бұл иммундық жүйе қателесіп өз ағзасына шабуыл жасайтын сирек кездесетін ауыр қабыну. Ол балаларда дамиды және ювенильді артриттің ең ауыр түрлерінің бірі.

Неге қыз бала дәрі-дәрмек ала алмады?

Іс материалдарына сәйкес, ата-анасы e-Otinish порталы арқылы денсаулық сақтау басқармасына, мәслихатқа және Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет жүгінген. Ресми жауаптарда оларға "Анакинра" препараты тегін берілетін дәрілік заттар тізбесіне енгізілмегенін, осыған байланысты баланы бұл дәрімен қамтамасыз ету мүмкін еместігі хабарланған.

"Абай облысының соты жүргізген татуластыру рәсімі барысында денсаулық сақтау басқармасы мен азамат арасында медиативтік келісім жасалды. Келісім талаптарына сәйкес, басқарма медиативтік келісімге қол қойылған күннен бастап бір ай ішінде бөлінген қаражат шеңберінде пациентті қажетті көлемде "Анакинра" (Kineret) дәрілік препаратымен қамтамасыз етуге міндеттенді", - делінген хабарламада.

Сот медиативтік келісімді бекітіп, денсаулық сақтау басқармасы бір ай ішінде оның талаптарын орындады.

Бұған дейін Қазақстанда дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау жүйесі кейінгі екі жылда пациенттердің тегін пайдалануына арналған дәрі-дәрмектерді қайта сатудың 25 000-нан астам жағдайын анықтаған болатын.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 2027 жылға дәрі-дәрмек алдын ала сатып алынбақ


Жарнама
Жарнама