Алматы тұрғыны арықтауға арналған препараттың кесірінен қан доноры бола алмады

Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Алматылық қыз донорлықты қабылдамауға байланысты наразылық білдірді. Бұған оның арықтауға арналған танымал препаратты қолданатыны себеп болған. Ол бұл шектеу туралы еш жерден ақпарат таба алмағанын айтады. Осыған байланысты, TengriHealth тілшісі салмақ тастауға арналған дәрілерді ішу донорлыққа шынымен кедергі бола ма және оның себебі неде екенін анықтап көрді.

Алматылық қыз донорлықты қабылдамауға байланысты наразылық білдірді. Бұған оның арықтауға арналған танымал препаратты қолданатыны себеп болған. Ол бұл шектеу туралы еш жерден ақпарат таба алмағанын айтады. Осыған байланысты, TengriHealth тілшісі салмақ тастауға арналған дәрілерді ішу донорлыққа шынымен кедергі бола ма және оның себебі неде екенін анықтап көрді.

Не болды?

Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде құрамында "семаглутид" бар препаратты қолданғандықтан, оған қан тапсыруға рұқсат берілмегенін айтты.

Жарнама
Жарнама
Анықтама: Семаглутид - бұл қант диабетінің екінші типі мен семіздікті емдеу үшін қолданылатын белсенді зат.

"Егер білмесеңіздер, Алматыдағы қан орталығы "семаглутид" қабылдайтындарды донор ретінде қабылдамайды", - деп жазды ол.

Сондай-ақ ол ұйым сайтында мұндай шектеу көрсетілмегенін атап өтті. Оның айтуынша, дәрігер препаратты қолдануды тоқтатқаннан кейін кем дегенде бір ай өтуі тиіс екенін айтқан.

Сарапшылар не дейді?

Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында "семаглутид" қосылған препараттар жаңа дәрілік заттарға жататынын, сондықтан олар бойынша донорлықтың бірыңғай стандарттары әлі бекітілмегенін түсіндірді.

"Қан мен оның компоненттерін құю донорлық материалдың қауіпсіздігі аса маңызды болып табылатын емделушілерге жасалады. Олардың қатарында ерте жастағы балалар, онкологиялық аурулары бар науқастар, иммундық тапшылығы бар адамдар және басқа да ауыр дертке шалдыққандар бар", - деп хабарлады орталық.

Сондықтан да, мамандардың айтуынша, донорлыққа рұқсат беру кезінде максималды қауіпсіздік қағидаты қолданылады және қан компоненттерінің сапасына әсер етуі мүмкін кез келген факторлар ескеріледі.

"Жекелеген дәрілік препараттарды қабылдау қанның және оның компоненттерінің қасиеттеріне, сондай-ақ донорды зертханалық тексеру нәтижелеріне әсер етуі мүмкін. Соның ішінде инфекциялық ауруларға скрининг жасағанда жалған оң нәтиже беру ықтималдығын тудырады", - деп түсіндірді орталық өкілдері.

Осы себепті дәрігерлер донорлыққа уақытша немесе тұрақты шектеулер енгізе алады.

Шектеу мерзімдері қандай?

Орталық мамандары кейбір препараттарды қабылдағаннан кейін қолданылатын уақытша немесе тұрақты шектеу ережелерін еске салды:

  • антибиотиктер - емдеу курсы аяқталғаннан кейін 14 күн;
  • құрамында ацетилсалицил қышқылы бар препараттар - 3 күн;
  • антиретровирустық препараттарды жүйелі қабылдағанда - тұрақты медициналық шектеу, бір рет қабылдаған жағдайда - 6 ай мерзімге уақытша шектеу;
  • өсу гормондары - тұрақты шектеу;
  • анальгетиктер - 3 күн;
  • психотроптық препараттар (антидепрессанттар, нейролептиктер, транквилизаторлар) - 1 ай;
  • жүйелі ретиноидтар - 1 ай.

Мамандар әрбір жағдай жеке қаралатынын және донорлыққа рұқсат беру туралы соңғы шешімді қан қызметінің дәрігері медициналық тексеру, донордың денсаулығы туралы мәліметтер және қабылдап жүрген дәрі-дәрмектері негізінде қабылдайтынын атап өтті.

Бұған дейін Алматыда қандай қан тобы тапшы екені және неге әрбір бесінші донор қабылданбайтынын жазған едік.

Tengrinews

Жарнама
Жарнама