Алматыда Сәуле Базарханға операция жасалған клиниканы тексеру басталды

Фото:depositphotos.com

Алматыда белгілі кәсіпкер әрі блогер Сәуле Базарханның өліміне қатысы бар делінген клиниканы тексеру басталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды TengriHealth.

Алматыда белгілі кәсіпкер әрі блогер Сәуле Базарханның өліміне қатысы бар делінген клиниканы тексеру басталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды TengriHealth.

Алматыдағы клиниканы тексеру: емделуші қайтыс болғаннан кейін комиссия құрылды

Журналистер бұған дейін ота кезінде емделуші көз жұмған Алматыдағы жекеменшік клиниканы тексеруге қатысты ақпаратты нақтылап сұрады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл факт бойынша комиссия құрылып, тексеру басталғанын хабарлады.

Жарнама
Жарнама

"Бұл клиника бойынша тиісті комиссия құрылды. Бүгін ол клиникаға тексерумен барды. Біз комиссия құрамын жасақтап, тәуелсіз сарапшыларды тарттық. Сонымен қатар бір маман орталық аппараттан іссапармен жіберілді", - деді Жүсіпов.

Оның айтуынша, комиссия клиникаға барған сәттен бастап жұмысқа кіріскен. Ал тексерудің қашан аяқталатыны әзірге белгісіз.

"Мұның бәрі іс материалдарына байланысты... Біз тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын күтеміз", - деп атап өтті ол.

Маңғыстаудағы іс: материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды

Комитет өкілі пластикалық ота жасату үшін хирургиялық клиникаға жүгінген Маңғыстау облыстық мәслихаты депутатының өліміне қатысты тағы бір резонанстық оқиға бойынша пікір білдірді.

"Онда клиникаға қатысты тексеру жүргізілді. Ол аяқталды. Біз бұл материалдарды тиісті құқық қорғау органдарына өткіздік. Қазір құқықтық баға беріліп жатыр", - деді Жүсіпов.

Оның сөзінше, бұл іс бойынша қорытынды құқық қорғау органдарының шешімінен кейін шығарылады.

500-ге жуық тексеріс және лицензияларды өз еркімен қайтару

Бұдан бөлек, Жүсіповке стоматологиялық клиникаларды ауқымды тексеру туралы сұрақ қойылды. Ол 104 ұйым лицензияларын өз еркімен қайтарғанын, тағы 38 материал бойынша іс сотқа жіберілгенін айтты.

"Жалпы алғанда 500-ге жуық тексеріс аяқталды. 104 клиника, стоматологиялық клиника... лицензиясын өз еркімен қайтарды. 38 клиника бойынша материалдарды сот органдарына тапсырдық", - деді Жүсіпов Сенат кулуарында.

Ол Қазақстанда лицензияны кері қайтарып алудың екі жолы бар екенін нақтылады.

"Бізде қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны қайтарып алу екі жолмен жүзеге асырылады: бұл не иесінің өз шешімімен, не сот шешімімен болады", - деп түсіндірді ол.

Журналистердің нақтылау сұрағына жауап бере отырып, ДСМ өкілі мәселе клиникалардың бір бөлігі жұмысын іс жүзінде тоқтатқаны туралы болып отырғанын растады.

"104 клиника жабылды, олар бұл лицензияны өз еркімен қайтарды", - деді ол.

Пластикалық хирургия: жүздеген ұйым және тексерістер

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі пластикалық хирургия саласындағы жағдайға жеке тоқталды.

Комитет мәліметінше, Қазақстанда 295 ұйымның пластикалық хирургия бойынша қызмет көрсетуге лицензиясы бар, оның 247-сі жекеменшік.

"Кейінгі 5 жылда біз 92 жоспардан тыс тексеріс жүргіздік... Әртүрлі заңбұзушылық анықталды... Тиісті адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деді Жүсіпов.

Еске салсақ, таяуда Алматыда пластикалық ота кезінде блогер Сәуле Базархан көз жұмған болатын. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында қайтыс болды: отбасы қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Сондай-ақ Ақтауда липосакция жасату үшін жекеменшік клиникаға жүгінген емделуші қайтыс болған еді. Оның өлімінің мән-жайы әзірге белгісіз.

Tengrinews

Жарнама
Жарнама