ПОДЕЛИТЬСЯ
Жеке басын жария етпеуді қалаған Алматы тұрғыны түсік жасатқаннан кейін медициналық құпия бұзылғанын мәлімдеді. Көмекке жүгінген кәмелетке толған қыз жасалған ота туралы хабарлама анасының телефонына келгенін анықтаған, деп хабарлайды TengriHealth.
Қыз әлеуметтік желіде қалалық мемлекеттік емханалардың бірінде түсік жасатқанын бөлісті. Оның басты наразылығы - пациенттің кәмелет жасқа толғанына қарамастан, 1414 (Электронды үкімет (eGov) пен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бірыңғай байланыс орталығы) қызметінен жасалған процедура туралы хабарлама анасына жолданғаны.
Қала тұрғынының айтуынша, оның профилі техникалық тұрғыдан ата-анасының байланыс деректерімен ешқандай байланыспаған.
"eGov порталында және медициналық ақпараттық жүйеде тек менің нөмірім тіркелген. Ол жерде анамның нөмірі ешқашан болған емес", - деді қыз.
Енді алматылық қыз дербес медициналық деректерді жария еткені үшін емхананы жауапкершілікке тартуды талап етпек. Ол eOtinish сервисі арқылы шағым түсіріп, қазір ресми жауапты күтіп отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сервис емханадан шыққандығы туралы хабарламаны бұрын пациенттер немесе олардың заңды өкілдері көрсеткен телефон нөміріне автоматты түрде жіберген.
Мамандардың пайымдауынша, анасының нөмірі қыз бала кезінде емханаға алғаш тіркелген кезден бастап базада қалып қойған болуы мүмкін.
"Медициналық мекеме деректерді уақтылы жаңартпаған көрінеді, соның салдарынан жүйе хабарламаны анасына автоматты түрде жіберген", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сервис пациенттің кәмелетке толғанын неге көрмейді деген сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі былай деп жауап берді:
"База мұндай жайттарды сүзгіден өткізбейді. Мұны медициналық ұйым мамандары жасауы керек еді. Өз пациенттерінің дерекқорын өзектендіруге, ең алдымен, емхананың өзі жауапты".
Сондай-ақ министрлік баспасөз қызметі емханада пациентті емдеумен тікелей айналысқан немесе процедураны жүргізген учаскелік дәрігерге немесе басқа қызметкерге тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін екенін қосып өтті.
Бұдан бөлек Денсаулық сақтау министрлігі болашақта мұндай жағдайларды болдырмау үшін "Электронды үкімет" порталындағы телефон нөмірлерінің базасы негізінде SMS-хабарлама жіберу жүйесін қайта қарастырып жатқанын хабарлады.
Тағы оқыңыз: “1414-тен келген кодты айтыңыз“: алаяқтар тағы емхана пациенттерін алдап жатыр
Қазақстандықтар мазаны алатын қоңыраулар мен автоқоңыраулардан қорғалмақ