Жыл басынан бері шетелден оралған Алматы тұрғындары арасында жедел ішек инфекциясының төрт жағдайы және функционалдық диареяның бір жағдайы тіркелді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сарапшылар туристер жиі әкелетін аурулар мен қаупі жоғары елдер туралы айтып берді, деп хабарлайды TengriHealth.
Таиланд пен Вьетнамдағы демалыстан кейінгі ішек инфекциялары
Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭБД) басшысының орынбасары Гаухар Көткенованың айтуынша, ішек инфекциясы Вьетнамнан келген екі туристен және Таиландтан оралған үш адамнан анықталған. Ауырғандардың арасында бір жасөспірім және төрт ересек адам бар.
Диагноз пациенттер Алматыда медициналық көмекке жүгінгеннен кейін қойылды.
"Үш жағдайда пациенттер ауруды қонақүйдегі экзотикалық тағамдар мен жеміс-жидектерді тұтынумен, сондай-ақ шомылу кезінде абайсызда су жұтып қоюмен байланыстырды. Тағы екі адам ұшар алдында әуежайдағы фуд-корттардан тамақтанғандарын айтты", - деді Көткенова.
Тіркелген жағдайларға қарамастан, маманның айтуынша, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
2026 жылдың бірінші тоқсанында қалада жедел ішек инфекциясының 48 жағдайы тіркелген. Ауырғандардың басым бөлігі - 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 21,1 пайызға төмендеген.
Қандай инфекциялар жиі әкелінеді?
Алматы СЭБД Аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жайдаркүл Отарбекова кейінгі жылдары Алматыда шетелден қауіпті инфекцияларды әкелудің күдікті жағдайлары жүйелі түрде тіркеліп жатқанын айтты. Мысалы, жыл сайын Денге безгегінің үш-төрт жағдайы анықталады.
"Бұл негізінен жылы елдерден - Таиланд, Вьетнам, сондай-ақ Индонезия мен Шри-Ланкадан демалыстан оралған адамдарға қатысты, бұл елдерде демалу кезінде жұқтыру қаупі жоғары", - деді Отарбекова.
Мамандар Үндістанда кең таралған тырысқақты (холера) тағы бір қауіпті инфекция ретінде атайды.
"Бұл ауру осы елден келген жолаушылар, саяхатшылар немесе туристер арасында кездесуі мүмкін", - деп атап өтті сарапшы.
Туристерге қандай кеңес беріледі?
Мамандар туристерге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішуге және мұз жасалған судың сапасына сенімді болмаған жағдайда оны пайдаланбауға кеңес береді.
- экзотикалық тағамдарды абайлап жеу;
- тек балғын және жақсы пісірілген өнімдерді таңдау;
- көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;
- сертификатталмаған сауда нүктелерінен тамақ сатып алмау;
- шикі ет, балық және теңіз өнімдерінен бас тарту;
- лас су айдындарында шомылмау және су жұтпау.
Хантавирус қаупі туралы не белгілі
Брифингте мамандар хантавирус төңірегіндегі жағдайға да жеке тоқталып өтті. Отарбекованың айтуынша, инфекцияның сырттан келу қаупі әрқашан бар - бұл тек Алматы үшін емес, еліміздің басқа өңірлері үшін де өзекті.
Ол әуежайлар мен шекараларда алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
"Барлық әуежайда кез келген вирус инфекциясын ерте анықтау үшін термореттегіштер орнатылған. Сондықтан ауруды әкелу қаупі бар, бірақ індеттің таралуын келу кезеңінде-ақ болдырмауға болады", - деді Жайдаркүл Отарбекова.
Сарапшы Алматыда аса қауіпті инфекциялар жағдайына жедел әрекет ететін инфекциялық стационарлар, изоляторлар мен мамандар жұмыс істейтінін қосты.