Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған, бірақ науқастардың жоқтығынан қажетсіз болып қалған туберкулез диспансері сатылымға шығарылды, деп хабарлайды TengriHealth.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылындағы туберкулез диспансері 2011 жылы "100 мектеп, 100 аурухан" мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген. Ресми деректерге сүйенсек, оның құрылысына 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Заманауи диспансер құрамына үш бөлімше, 100 орындық стационар және ауысымына 90 адам қабылдайтын емхана кірді.
Алайда медициналық мекеме көп жұмыс істемеді: туберкулезбен ауыратындар саны күрт азая бастады, нәтижесінде ауруханадағы медициналық қызметкерлер саны науқастардан бірнеше есе асып кетті.
Денсаулық сақтау басқармасы TengriHealth тілшісіне ғимараттың бос тұрғанына бес жылдан асқанын хабарлады.
"2019 жылдан бастап туберкулезбен сырқаттанушылықтың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады: көрсеткіш 49 пайызға азайды. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында облыста төсек-орын қорын оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде барлық солтүстікқазақстандық пациент Петропавл қаласындағы 120 орынға есептелген облыстық фтизиопульмонология орталығында ем алады", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз хатшысы Гүлнар Сайлау.
Айтпақшы, тағы екі туберкулез диспансері – Жамбыл ауданының Пресновка ауылындағы және Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласындағы нысандар да осындай күй кешті. Олар ортақ себеппен, яғни емделетін адам қалмағандықтан жабылған.
Жамбыл ауданындағы ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің ғимараты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының иелігіне берілсе, Мағжан Жұмабаев ауданындағы диспансер ғимараты аудандық ауруханаға бекітілген. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы диспансер ғимаратына әзірге лайықты қолданыс табылмай тұр.
Билік нысанды бизнеске беруден үмітті болған, бірақ кәсіпкерлер бұған қызығушылық танытпады. Содан кейін бұрынғы медициналық мекеменің ғимаратын саудаға шығару туралы шешім қабылданды.
Сейсенбі, 30 маусымда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның туберкулезге қарсы диспансерінің мүліктік кешені кезекті рет сатылымға шығарылды. Ресми электрондық сауда сервисінде нысанның бастапқы бағасы 157 миллион 868 мың 826 теңге деп көрсетілген.
Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарында дайындалған бағалау есебіне сәйкес, нысанның нарықтық құны 1 миллиард теңгеден асады, ал оның теңгерімдік құны 185 миллион теңгеден көп болып отыр.
Сауда алаңының сайтында көрсетілгендей, сауда-саттық басталған сәтке дейін қатысушылардан өтінім түспегендіктен, аукцион өтпеді деп танылды.