ДДСҰ хантавирус індетінің аяқталу мерзімін атады

Фото:depositphotos.com / Автор фотосы monticello

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен айда әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналған хантавирус өршуі ресми түрде 2 шілдеде аяқталуы тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Euronews басылымына сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен айда әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналған хантавирус өршуі ресми түрде 2 шілдеде аяқталуы тиіс деп мәлімдеді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Euronews басылымына сілтеме жасап.

Женевада өткен баспасөз мәслихатында ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус хантавирус инфекциясын жұқтырудың 13 расталған жағдайы тіркелгенін, оның ішінде үш адамның көз жұмғанын хабарлады.

ДДСҰ-ға 2 мамырда індеттің өршуі туралы хабарланған сәттен бастап, 33 ел мен аумақта 650-ден астам байланыста болған адам анықталды.

Жарнама
Жарнама

"54 адамнан басқасының барлығы карантин мерзімін аяқтады, ал қалғандары 2 шілдеге қарай аяқтауы тиіс", - деді Гебрейесус.

Егер осы мерзімге дейін жаңа жағдайлар анықталмаса, ДДСҰ бұл өршуді аяқталды деп есептейді, деп толықтырды ол.

Еске сала кетейік, Нидерланд туы ілінген круиздік лайнер жолаушыларының бір тобы ауыр респираторлық белгілер туралы хабарлағаннан кейін бұл ауру халықаралық деңгейде алаңдаушылық тудырған болатын.

MV Hondius кемесі 1 сәуірде Аргентинаның Ушуайя қаласынан шығып, Оңтүстік Атлантикадағы бірқатар пунктті, соның ішінде Оңтүстік Георгияны, Тристан-да-Куньяны, Әулие Елена аралы мен Вознесения аралын аралаған.

Жолаушылардың бірі ауырып, 11 сәуірде қайтыс болды. Оның мәйіті Әулие Елена аралында кемеден түсірілді, сол жерде жолаушылардың бір бөлігі де жағаға шыққан. Әулие Елена аралында жағаға шыққан бір жолаушы әйел Оңтүстік Африкаға келгеннен кейін 26 сәуірде көз жұмды. Тағы бір жолаушы 2 мамырда қайтыс болды.

Қалған адамдар кейіннен Тенерифеде қалдырылды.

ДДСҰ індеттің себептері мен таралу жолдарын зерттеу үшін жергілікті билікпен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

"Вирус үлгісін Швейцариядағы ДДСҰ-ның BioHub биобанкіне тапсыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл болашақтағы өршулер кезінде диагностика әдістерін, терапиялық препараттар мен вакциналарды әзірлеу үшін маңызды болмақ" - деді Гебрейесус.

Хантавирустар - тасымалдаушысы кеміргіштер саналатын вирустар тобы. Әдетте вирус адамға инфекция жұқтырған кеміргіштермен, не болмаса олардың зәрімен, нәжісімен немесе сілекейімен жанасқан кезде жұғады. Олар ауыр, кейде өлімге әкелетін ауруларды тудыруы мүмкін.


Жарнама
Жарнама