ПОДЕЛИТЬСЯ
Астана сотының апелляциялық алқасы дәрігер-анестезиолог-реаниматологтың жұмыстан шығарылуын заңсыз деп таныды. Жұмыс беруші маманды жанжал шығаруға бейім, іскерлік әдепті бұзды және ұжымдағы ахуалды нашарлатты деп айыптаған, алайда сот бұған жеткілікті дәлел таппады. Бұл ретте жарияланған сөгістердің бірі күшінде қалды, деп хабарлайды Tengri Health.
Сот мәліметінше, еңбек дауы 2025 жылдың қыркүйегінде басталған. Сол кезде медициналық орталықтың екі қызметкері анестезиологтың үстінен арызданып, оны іскерлік әдеп нормаларын бұзды деп айыптаған.
Осыдан кейін басшылық дәрігерден жазбаша түсініктеме талап еткен, онда ол әріптестерімен болған шиеленіске қатысты өз ұстанымын білдірген. Бірақ екі аптадан соң оған сөгіс жарияланды.
Бұйрықта мінез-құлыққа қатысты шағымдар ғана емес, жұмыс беруші дәрігердің балаға анестезия жасауға келісім алу тәртібін бұзғанын да атап өткен. Сот медициналық орталықтың ішкі ережелері бойынша ота алдындағы күні заңды өкілдерден келісім алу, кейін тікелей наркоз алдында оны растау қажет екенін анықтады.
Сондықтан сот алғашқы сөгісті тек бір негіз бойынша – ақпараттандырылған келісімді уақытында рәсімдемегені үшін заңды деп таныды. Ал іскерлік әдепті бұзды деген айыптар дәлелденбеді.
Жұмыс беруші қызметкерлердің арыздарына сүйенген, бірақ сот бұл жеткіліксіз деп тапты.
Сот алқасы атап өткендей, медициналық орталықта бейнебақылау камералары орнатылғанына қарамастан, шағымда көрсетілген жанжалдарды растайтын бейнежазбалар сотқа ұсынылмады. Басқа да объективті дәлелдер болмады.
"Тәртіптік жаза тек жекелеген қызметкерлердің сөздеріне ғана негізделмеуі тиіс. Істің барлық мән-жайы жан-жақты, толық әрі объективті түрде тексерілуі керек", - деп көрсетті апелляциялық алқа.
Бірнеше айдан кейін бөлімше басшысы жаңа қызметтік жазба жолдаған. Онда дәрігердің жанжалқойлығы, тым эмоционалдылығы, әріптестерімен дауласуы және ұжымдағы шиеленісті ахуал туралы айтылған.
Жұмыс беруші бұл қайталанған тәртіпбұзушылық деп есептеп, еңбек шартын бұзған.
Алайда апелляциялық алқа қызметтік жазбаларда дәрігердің мінез-құлқына жалпы сипаттағы бағалар берілгенімен, нақты дәлелденген тәртіптік теріс қылықтың сипаттамасы көрсетілмеген деген қорытындыға келді.
"Жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерді жоюға бағытталған қызметкердің белсенді ұстанымы автоматты түрде іскерлік әдепті бұзу болып саналмайды. Яғни, адамның турашылдығы, эмоцияға берілуі немесе басшылыққа қолайсыз болуының өзі оны жұмыстан шығаруға заңды негіз бола алмайды", - деп атап өтті сот.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертті.
Сот екінші сөгіс пен жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп таныды. Дәрігер анестезиолог-реаниматолог лауазымына қайта орналастырылды.
Бұдан бөлек, медициналық орталықтан мәжбүрлі жұмыссыз жүрген кезеңдегі орташа жалақы, моральдық зиян үшін өтемақы және өкілдің қызметіне жұмсалған шығын өндірілді.
Бұл ретте, анестезияға ақпараттандырылған келісімді уақтылы алмағаны үшін берілген бірінші сөгіс күшінде қалды. Сот бұл ережебұзушылықты дәлелденген деп есептеді.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында сот мас күйде медицина қызметкеріне шабуыл жасаған ер адамға үкім шығарғаны туралы жазған болатынбыз.