ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанның ересек тұрғындарының жартысынан астамы артық салмақтан немесе семіздіктен зардап шегеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 2024 жылға арналған моделденген бағалауларына негізделген мұндай мәліметтер Our World in Data халықаралық порталында жарияланды, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Our World in Data халықаралық порталының деректеріне сәйкес, дене салмағының индексі (ДСИ) жоғары ересектердің үлесі бойынша Қазақстан 199 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады.
Көрсеткіш 56 пайызды құрады, яғни елдің 18 жастан асқан тұрғындарының жартысынан астамында артық салмақ немесе семіздік бар.
Зерттеуде ДДСҰ-ның 2024 жылға арналған моделденген бағалаулары пайдаланылғаны хабарланды. Дене салмағының индексі 25-тен жоғары ересектер ДСИ-і жоғары адамдар санатына жатқызылды.
Бұл ретте әлем бойынша ересектердің орта есеппен 45 пайызында артық салмақ немесе семіздік бар.
ДСИ-і жоғары адамдардың үлесі көп болғанына қарамастан, Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан ең қолайлы позицияда болып шықты. Осындай көрсеткіш - 56 пайыз - тек Қырғызстанда тіркелді.
Жарияланған мәліметтер 1980 жылдан бастап Орталық Азияның барлық елдерінде жағдайдың нашарлағанын көрсетеді. 44 жыл ішінде ДСИ-і 25-тен жоғары ересектердің үлесі 19–36 пайыздық тармаққа өскен.
Зерттеу авторлары өсімнің біртіндеп, айтарлықтай төмендеу байқалмағанын, ал ең жылдам қарқын 2010–2020 жылдарға тиесілі болғанын атап өтті.
Бұл ретте Қазақстан өңірдегі көрсеткіштің өсу қарқыны ең баяу ел болып шықты.
1980 жылы еліміз артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан ересектердің үлесі бойынша көш бастап тұрған еді - ол кезде бұл көрсеткіш 37 пайыз болатын. Кейінгі онжылдықтарда көрсеткіш әр он жыл сайын шамамен 3–6 пайыздық тармаққа артып отырды. Өсу қарқыны көршілермен салыстырғанда төмен болғанымен, ДСИ-і жоғары ересектердің саны тұрақты түрде өсуін жалғастырды.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы семіздікке алғаш рет шалдығу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 39,6 жағдайды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға аз.
Көрсеткіштер жас ерекшелігіне қарай әртүрлі болды:
Бұған дейін біз 2025 жылы Қазақстанда артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан 5-9 жас аралығындағы 492 мың бала болғанын жазған едік. Ал 10-19 жас аралығындағы балалар саны - 715 мың.
2026 жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 32,6 жағдайға дейін төмендеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,7 пайызға аз.
Семіздікке алғаш рет шалдығудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында тіркелді - 100 мың адамға шаққанда 92,1 жағдай. Ең төменгі көрсеткіштер Түркістан (9,7), Ақмола (12,7) және Абай (17,5) облыстарында байқалды.
Жарияланымда семіздіктің көптеген аурудың, соның ішінде қант диабетінің даму қаупі факторларының бірі болып қала беретіні атап өтілген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы қант диабетіне алғаш рет шалдығу көрсеткіші 1 пайызға өсіп, 100 мың адамға шаққанда 331,6 жағдайды құрады.
Ауру көбінесе ересектерде алғаш рет анықталған - 100 мың адамға шаққанда 488,5 жағдай. Бұл ретте бір жыл ішіндегі ең айтарлықтай өсім 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалды: көрсеткіш 10,6 пайызға - 100 мың адамға шаққанда 20,7-ден 22,9 жағдайға дейін өсті.
2026 жылдың бірінші тоқсанында қант диабетіне алғаш рет шалдығудың жалпы көрсеткіші сәл төмендеп - 1,5 пайызға, 100 мың адамға шаққанда 308,7 жағдайға дейін жетті.
Ең жоғары көрсеткіштер Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, ал ең төменгі көрсеткіш Атырау облысында тіркелді.