Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын реттеу өзгертіледі: бұл кімдерге әсер етеді?

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақстанда 2027 жылға қарай дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын реттеуді толықтай алып тастау жоспарланып отыр - қазіргі уақытта олардың көбіне шекті құн белгіленген. Оны жылына екі рет Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия қайта қарап отырады, деп хабарлайды TengriHealth.

Қазақстанда 2027 жылға қарай дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын реттеуді толықтай алып тастау жоспарланып отыр - қазіргі уақытта олардың көбіне шекті құн белгіленген. Оны жылына екі рет Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия қайта қарап отырады, деп хабарлайды TengriHealth.

Не болды?

Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар және медициналық бұйымдардың шекті бағалары мен үстеме бағаларын реттеу, қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізді.

Жарнама
Жарнама

2026 жылғы 12 шілдеден бастап мынадай ұғымдар енгізіледі:

  • Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі - бұл тіркелген және медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілген препараттар туралы мәліметтер көрсетілетін цифрлық ресурс.
  • Референттік баға белгілеу порталы - автоматтандырылған цифрлық жүйе.

Маңызды жаңалықтардың бірі - реттеуге жататын препараттар тізбесі жобасында шекті бөлшек сауда бағасы бір АЕК-тен (қазір бұл 4325 теңге) аспайтын рецептілі дәрілер жоқ.

Баға қалай реттеледі?

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, қазіргі уақытта бөлшек саудада сатылатын барлық дерлік препарат пен "СК-Фармация" сатып алатын дәрілерге жылына екі рет шекті баға белгіленеді. Дәріханалардың дәрі-дәрмекті белгіленген құннан қымбат сатуға құқығы жоқ.

"Былтыр еркін саудадағы препараттардың бір бөлігіне бағаны реттеу алынып тасталды, бұл жұмыс кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. 2027 жылдан бастап реттеу тек "СК-Фармация" сатып алатын дәрі-дәрмектер үшін сақталады деп жоспарланып отыр", - дейді спикер.

Жүсіповтің түсіндіруінше, шілденің ортасынан бастап құны 4325 теңгеден аспайтын дәріханалық дәрілердің бағасы "еркін айналымға" жіберіледі, ал жыл соңына дейін бөлшек саудадағы қалған барлық дәрі-дәрмек бағасы нарық арқылы айқындалады.

Айта кетейік, Қазақстанда 6800 дәрілік препарат тіркелген. Маусымға байланысты дәріханаларда күн сайын 500-700 мың қорап дәрі сатылады.

Бұған дейін Мәжілісте дәрі-дәрмек бағасын реттеу тәртібін өзгерту ұсынылғаны хабарлаған болатын. Депутаттардың пікірінше, қазіргі тәсілдер препараттардың қолжетімділігі мәселесін шешпейді, керісінше тапшылыққа және бағаның бұрмалануына әкеп соғады.

Олар негізгі мәселе ретінде мемлекеттің түпкілікті бағаны реттегенімен, үстемеақының едәуір бөлігі қалыптасатын көтерме сауданы толық бақыламайтынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстанда дәрі-дәрмектің кейбір түрін маркетплейстерде сатуға тыйым салынуы мүмкін.

Tengrinews

Жарнама
Жарнама