Мәжіліс депутаттары ұзақ уақыт бойы комада жатқан пациенттердің туыстарына олардың атынан мүгедектікті белгілеуге өтініш беруге мүмкіндік беретін заң нормасын қабылдады, деп хабарлайды TengriHealth.
Не болды?
Мәжіліс екінші оқылымда ғылым мәселелері бойынша депутаттық түзетулерді қабылдады, оның ішінде ұзақ уақыт бойы коматоздық күйде жатқан адамдарға қатысты нормалар бекітілді.
Мәжіліс баспасөз қызметінің мәліметінше, енді мұндай пациенттердің туыстары олардың атынан мүгедектік тобын белгілеу үшін куәландыруға өтініш бере алады.
"Бұл оларға тиісті жәрдемақы мен оңалтудың техникалық құралдарын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай азаматтардың әлеуметтік қорғалуына кепілдік береді", - делінген хабарламада.
Неге бұл маңызды?
Бүгінде медициналық-әлеуметтік сараптама тек адамның жеке немесе оның заңды өкілінің өтініші бойынша жүргізіледі. Бұл мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау алу үшін қажет.
Алайда іс жүзінде мынадай мәселе туындайды: комадағы пациент өтінішті өзі бере алмайды және өкіліне келісімін білдіре алмайды. Соның салдарынан мұндай жандарға мүгедектікті рәсімдеу мен төлем алу мүмкін болмай отыр.
Бұл ретте түзетулерді талқылау барысында мүгедектікті уақытша — бір жылдан аспайтын мерзімге белгілеу ұсынылды. Бұл кезең туыстарының сотқа жүгініп, ресми қорғаншыны рәсімдеуі үшін қажет. Осыдан кейін мүгедектігі бар адамның мүддесін дәл сол қорғаншы білдіреді.
Депутаттар мақұлдаған заңда бұл мерзім сақталған-сақталмағаны Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан хабарламада нақтыланбаған.
Тағы қандай жаңашылдық енгізіледі?
Бұдан бөлек, депутаттар үкіметтің дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған түзетулерін мақұлдады. Бұл процестерді композиттік мемлекеттік қызмет форматына көшіруге қатысты болып отыр. Соның арқасында халыққа қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың отандық нарыққа шығуы жеделдейді.