Денсаулық сақтау министрлігі биыл болған бірнеше қайғылы жағдайдан кейін пластикалық хирургия клиникаларына қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізеді, деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Тексеру статистикасы мен анықталған бұзушылықтар
2021 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің қызметкерлері пластикалық хирургия клиникаларына 92 жоспардан тыс тексеру жүргізгені хабарланды.
Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне шағымдар санының артуына байланысты тексерулердің басым бөлігі 2024 жылға тиесілі болды.
Мамандар келесі бұзушылықтарды анықтады:
- лицензиялық талаптарды бұзу;
- медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын бұзу;
- медициналық құжаттаманы жүргізу ережелерін бұзу;
- тиісті рұқсат құжаттарынсыз медициналық қызметті жүзеге асырудың жекелеген фактілері.
Айыппұлдар мен нұсқамалар
Министрлік ақпаратынша, тексеру қорытындысы бойынша клиникаларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Сондай-ақ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің мамандары 24 әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 4,8 миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салды.
Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында пластикалық ота жасалған пациенттердің өлімінен кейін жекелеген жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Аталған оқиғалар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды.
"Тексеру нәтижелері бойынша материалдар өз құзыреті шегінде процесуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді", - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық көмек көрсетудің сапасын, қауіпсіздігін және заңдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ пациенттердің құқықтарын қорғау мақсатында мемлекеттік бақылауды жалғастыратынын атап өтті.
Мән-жайы
15 мамырда Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан көз жұмды. Оның келіні әйелдің жергілікті анестезиямен липосакция жасау бойынша жоспарлы отадан кейін қайтыс болғанын айтты. Базарханның туысының айтуынша, процедурадан кейін бірнеше сағат бойы туыстарына пациенттің жағдайы туралы ақпарат берілмеген, ал өлімі туралы кешірек хабарланған.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Кейінірек Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов қайтыс болды. Ер адамның иек астындағы артық майды алдыру үшін жеке клиникаға жүгінгені хабарланған болатын.
Кейін белгілі болғандай, тексеру толық жүргізілмеген, ал қандағы қант мөлшері нормадан асып кеткен, мұндай жағдайда ота жасауға болмайды. БАҚ депутаттың жарының сөзін келтірді, оның айтуынша, ота кезінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған: қан қысымы мен қант мөлшері көтеріліп, соның салдарынан ол инсульт алып, комаға түскен. Ербол Айтуов бір айға жуық комада жатып, есін жимастан көз жұмды.
Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия клиникаларына бақылауды күшейтуді жоспарлап отырғанын айтқан болатын.