Қазақстанда пациенттердің өліміне әкеп соқтырған бірнеше оқиғадан кейін пластикалық хирургия клиникаларын тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 2026 жылғы 26 маусымда Үкімет кулуарында мамандар бұл салада бірқатар өрескел заңбұзушылық анықтағанын айтты, деп хабарлайды TengriHealth.
Анықталған заңбұзушылықтар және клиникалар жұмысын тоқтату
Оның айтуынша, медициналық ұйымдарды тексеру барысында мамандар көптеген заңбұзушылықты анықтаған.
"Қажетті құжаттардың, маман сертификаттарының болмауы, анестезиологиялық көмектің толыққанды көрсетілмеуі", - деп атап өтті Сұлтанғазиев.
Ол медициналық мекемелерге қатысты тиісті шаралар қабылданғанын айтты.
"Олардың барлығы жұмыстан шеттетілді. Лицензия сот шешімімен қайтарып алынады. Біз бұл саланы міндетті түрде қатаңдатып, бақылауды күшейтеміз, оның үстіне пластикалық операция жасайтын барлық ұйымды тексеру туралы тапсырма бар", - деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.
Тимур Сұлтанғазиев тексеріс жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтты. Тексеріс аяқталғаннан кейін министрлік жиналған барлық материалды құқық қорғау органдарына тапсырады.
Мән-жайы
15 мамырда Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде блогер Сәуле Базархан қайтыс болды. Оның келінінің айтуынша, әйел жергілікті анестезиямен жасалған жоспарлы липосакция отасынан кейін көз жұмған. Базарханның туысының сөзінше, процедурадан кейін бірнеше сағат бойы жақындарына науқастың жағдайы туралы ақпарат берілмей, қазасы туралы кейін хабарланған.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.
Кейін Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов қайтыс болды. Ер адам иек астындағы артық майды алдыру үшін жеке клиникаға жүгінгені хабарланған болатын.
Кейін белгілі болғандай, тексеру толық жүргізілмеген, ал қандағы қант мөлшері нормадан асып кеткен, мұндай жағдайда ота жасауға болмайды. БАҚ депутаттың жұбайының сөзін келтірді, оның айтуынша, ота кезінде пациенттің жағдайы күрт нашарлаған: қан қысымы мен қант мөлшері көтеріліп, соның салдарынан инсульт алып, комаға түскен. Ербол Айтуов бір айға жуық комада жатып, есін жимастан көз жұмды.
Тағы оқыңыз: Медицинадағы олигархтар ма? Депутат екі адамның өлімнен кейін клиникаларды тексеруді талап етті
“Әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз“. Сәуле Базарханның отбасы жаңа мәлімдеме жасады