Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККБК) аясындағы медициналық көмек тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Тиісті құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды TengriHealth.
Нені өзгерту ұсынылып отыр?
МӘМС жүйесінде жаңа скрининг пайда болады
Бұйрық жобасына сәйкес, жаңашылдықтың бірі генетикалық диагностикаға қатысты болмақ. МӘМС жүйесінде жұлын бұлшықет атрофиясының (ЖБА) тасымалдаушылығына скрининг енгізу жоспарланған.
Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, генетикалық зерттеулерді кеңейту отбасын жоспарлау кезінде тұқым қуалайтын қауіптерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді және профилактикалық медицинаның дамуына ықпал етеді.
Балаларға арналған заманауи реконструктивті оталар ақысы төленеді
Бұдан әрі құжатта МӘМС қаражаты есебінен бет қаңқасының туа біткен ақаулары бар балаларға заманауи реконструктивті және пластикалық оталарды қаржыландыру жоспарланғаны айтылған.
"Бұл ел ішінде емделу мүмкіндіктерін кеңейтеді және кішкентай пациенттер үшін күрделі хирургиялық араласулардың қолжетімділігін арттырады", - делінген хабарламада.
Онкологиялық науқастарды диагностикалау мен емдеу тарифтері қайта қаралады
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі кейбір сұранысқа ие консультациялық-диагностикалық қызметтердің тарифтерін қайта қарауды ұсынады.
Әзірге нақты қандай қызметтер туралы сөз болып жатқаны және тарифтердің қалай өзгеретіні нақтыланбаған.
Сондай-ақ бұйрық жобасына сәйкес, жаңашылдықтардың бірі онкологиялық көмекті қаржыландыруды қайта қарау болмақ.
Денсаулық сақтау министрлігі заманауи технологияларды, емдеудің күрделілігін және медициналық ұйымдардың нақты шығындарын ескере отырып, дәрі-дәрмектік және сәулелік терапия, хирургиялық емдеу тарифтерін жаңартуды жоспарлап отыр.
"Атап айтқанда, сәулелік терапияның жоғары технологиялық әдістерін, соның ішінде томотерапияны қаржыландыру тәсілдері жаңартылады", - делінген құжатта.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл қадам онкологиялық аурулары бар пациенттер үшін заманауи емдеу әдістерін қолжетімді етеді деп есептейді.
Бұйрық жобасын талқылау "Ашық НҚА" порталында 2026 жылғы 29 маусымға дейін жалғасады. Егер құжат қабылданса, жаңа ережелер 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.