ПОДЕЛИТЬСЯ
Ақтаудағы жекеменшік медициналық орталықтан Қазақстанда тіркелмеген 238-ден аса препарат табылды. Бұл қандай дәрілер және олардың қайдан әкелінгенін TengriHealth тілшісі анықтады.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мәліметінше, Ақтаудағы мекемеге жоспардан тыс тексеру өңір тұрғынының шағымынан кейін 2026 жылдың шілдесінде жүргізілген.
Инспекторлар Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген 238-ден аса ампула мен дәрілік препарат құтыларын тәркілеген.
Олардың ішінде мыналар бар:
Ведомство мәліметінше, препараттар Қазақстанға Ресей, Армения және Оңтүстік Кореядан әкелінген.
Департаменттің ақпараты бойынша, мекемеде кушеткалар мен массаж креслолары қойылған 11 орындық екі емшара кабинеті жабдықталған. Сол жерде пациенттерге тұрақты түрде дәрілік препараттар егілетін "инфузия бөлімі" ұйымдастырылған.
"Клиниканың медициналық қызметке лицензиясы болғанына қарамастан, сипатталған процедуралар стационарды алмастыратын медициналық көмекке жатады және тиісті рұқсат беру процедураларының сақталуын талап етеді", - деп түсіндірді департамент өкілдері.
Лицензиялық талаптарды бұзғаны үшін мекеме басшысы ӘҚБтК-нің 464-бабы 1-бөлігі - "Лицензиялау нормаларын немесе лицензиялау процедураларын бұзу" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты оны ӘҚБтК-нің 426-бабы 3-бөлігі "Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу" бойынша кінәлі деп таныды.
Нәтижесінде медцентр иесіне 800 мың теңге айыппұл салынды, сондай-ақ барлық тіркелмеген препаратты тәркілеу және жою туралы шешім шығарылды.
Сонымен қатар, департаменттегілер қанша пациенттің тіркелмеген дәрі-дәрмектерді алып үлгергені және одан кейін асқынулар тіркелген-тіркелмегені туралы ақпарат жоқ екенін айтты.
Департамент қазақстандықтарға медициналық ұйымға жүгінбес бұрын оның лицензиясы бар-жоғына көз жеткізу керек екенін, сондай-ақ емдеу кезінде қолданылатын препараттарға жауапкершілікпен қарау қажет екенін еске салды.
Сондай-ақ мамандар дәрі-дәрмектің сыртына назар аударуға кеңес берді. Қазақстанда тіркелген препараттарда міндетті түрде мемлекеттік тілдегі таңбалама және ҚР-ДЗ (РК-ЛС) тіркеу нөмірі болуы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда жекеменшік емшара кабинеттерін тексеру жалғасып жатқанын жазған болатынбыз. 31 наурыздағы жағдай бойынша олардың иелеріне 16 миллион теңгеден аса сомаға айыппұл салынған.