13 қараша 2021 | 11:00

Балалар реабилитологы ата-аналар қашан дабыл қағуы керегін айтты

Оның көмегімен кішкентай науқастар шайнауды, басын ұстауды, отыруды, еңбектеуді және жүруді үйренеді. Оған ең ауыр диагноз қойылған балалар келеді. Әр баланың беті бері қарап келеді. Біз балалар реабилитологы Латиф Парпиев туралы айтып отырмыз. 33 жыл бұрын оның өзі ауыр сырқатпен дүниеге келген. Болашақ дәрігер өмірінің алғашқы 10 күнін жансақтау бөлімінде өткізген. Кейін оңалу кезеңі басталды. Ал 4 жасқа келгенде ол өскенде міндетті түрде дәрігер болатынын, адам өмірін сақтайтынын айтқан. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында елордалық дәрігердің жұмысы туралы әңгімелейді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Оның көмегімен кішкентай науқастар шайнауды, басын ұстауды, отыруды, еңбектеуді және жүруді үйренеді. Оған ең ауыр диагноз қойылған балалар келеді. Әр баланың беті бері қарап келеді. Біз балалар реабилитологы Латиф Парпиев туралы айтып отырмыз. 33 жыл бұрын оның өзі ауыр сырқатпен дүниеге келген. Болашақ дәрігер өмірінің алғашқы 10 күнін жансақтау бөлімінде өткізген. Кейін оңалу кезеңі басталды. Ал 4 жасқа келгенде ол өскенде міндетті түрде дәрігер болатынын, адам өмірін сақтайтынын айтқан. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында елордалық дәрігердің жұмысы туралы әңгімелейді.

2006 жылы Латиф Парпиев медицина университетіне "емдеу ісі" мамандығы бойынша оқуға түсті. 6-курста терапия бағытын таңдап, резидентурада рентгенолог-дәрігер атанды. Балалармен жұмыс істеу болашақ дәрігердің жоспарына кірмеген.

Реклама
Реклама

"Ешқашан балалар дәрігері болмаймын дейтінмін. Бір жыл радиолог болып жұмыс істедім, онда қатерлі ісігі бар науқастарды сәулелендірдік, бірақ кей жағдайға байланысты ол жерден кетуге мәжбүр болдым, ал 2016 жылы балалар массажымен айналыса бастадым. Сол кезде балалар реабилитологы мамандығын оқуым керегін түсіндім. 2017 жылы білікті арттыру курстарынан өтіп, реабилитолог болып жұмыс істей бастадым. Өз жұмысымның нәтижелерін көргенде, әсіресе сырқаты ауыр балаларды емдегенде, бұл менің қызметім екенін, балаларды емдеуім керегін түсіндім", - дейді Латиф Парпиев.

Латиф Парпиев жаңа туған нәрестеден екі жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейді. Күніне 10-12 науқас қабылдайды. Әрқайсының ерекше диагнозы бар. Оқу барысында реабилитолог көптеген әдісті зерттеп, олардың ішінен ең тиімдісін таңдап алған, қазір оларды өз жұмысында қолданады.

"Шайнауды, жұтуды, басын көтеруді және ұстауды, отыруды, жүруді білмейтін жағдайы өте ауыр балалар бар. Бұл көбіне - балалардың церебралды сал ауруының ауыр түрлері. Маған тіпті тыныс беру аппаратында жатқан балаларды да әкеледі. Білесіз бе, жетістік әрқашан бар. Бала өте ауыр, оған ота жасауға келмесе де, яғни баланы аяққа тұрғызу мүмкін болмаса да, оларды қабылдаймын, бала күндерін қатты сырқатпен өткізбеу үшін жалпы жағдайын жақсартуға көмектесуге тырысамын. Кейінгі 1,5-2 жылда тек ауыр жағдайдағы балалармен жұмыс істеймін деп шештім. Диагнозы жеңіл балаларды әріптестеріме жіберемін. Маған диагнозы анықталмаған балалар келгенді де жақсы көремін - жақсы тәжірибенің арқасында оларға диагноз қоя аламын, тексеруден кейін менің диагнозым жиі расталады", - дейді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, балаларды оңалтуда ең маңыздысы - дер кезінде диагноз қою. Сол кезде оңалу мүмкіндігі айтарлықтай артады.

"Егер 3-6 айда диагноз қойып, емдеуді бастасаңыз, бәрі жақсырақ болады. Мысалы, бала дүниеге келді - ол 3 айлығында басын ұстап, 4 айлығына таман өзі аунай алуы керек және т.б. Егер бала физикалық дамуында артта қалғанын көрсеңіз, дабыл қағып, тексеру үшін дәрігерлерге жүгініп, оның себебін анықтауыңыз қажет. УДЗ, КТ, МРТ жасатып, диагнозын анықтап, емдеуді бастаңыз. Амал не, бізде көптеген бала дәрігерлерге кеш келеді, өйткені диагноз кеш белгіленеді", - дейді Латиф Парпиев.

Латиф негізгі жұмысымен қатар 2013 жылдан бері волонтерлік қызметпен де айналысады. Ол балалар үйлеріне барып, балалардың қоғамға бейімделуіне көмектеседі, балалар онкологиясына барып, шеберлік сабақтарын өткізеді, мерекелерге қатысады. 2020 жылға дейін ол "28 петель" клубында волонтер болып, жаңа туған нәрестелерге арналған ұсақ-түйектерді тоқыған. Қазір ол дәрігерлерге арналған тегін оқыту шеберлігін жүргізеді және өзінің YouTube-арнасы бар, онда түрлі диагноз қойылған балалармен қалай дұрыс жұмыс істеу керегін әңгімелейді.

"Ата-аналарды балаларды дұрыс оңалтуға және диагностикалауға үйрету арқылы Қазақстанда жетімдіктің алдын алу қарастырылатын пилоттық жобаны іске қосқымыз келеді. Сондай-ақ, осы жоба аясында балалар үйінің мамандары ерекше балаларға көмек көрсетуі үшін оңалту курстарын оқытуды жоспарлап отырмыз", - дейді Латиф.

Сондай-ақ Латиф Парпиев Нұр-Сұлтанда ең үздік реабилитологтар жұмыс істейтін, балаларды оңалтуға ғана емес, дәрігерлер мен ата-аналарды да оқытуға болатын өз емханасын ашуды армандайды.

"Біз әріптестерімізбен бірге балаларға клиникалық талдау жасап, жаңа әдістемелерді қосар едік. Бір бас жақсы, ал 10 бас одан да жақсы. Отанымыздың кішкентай азаматтарын құтқарып, оларды салауатты өмірге жібергіміз келеді. Қазір өзімді балаларды оңалтуға арналған жұмысымсыз елестете алмаймын. Бұл - менің сүйікті ісім", - дейді жас дәрігер-реабилитолог.

Латиф Парпиев бірнеше рет еліміздің үздік волонтері атанды, ал биыл "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы болды.

"Арамыздағы батырлар" жобасын Tengrinews.kz "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірлесіп жүзеге асырады. Жобаның мақсаты - біздің заманымыздың қарапайым кейіпкерлері туралы айту, олар өз әрекеттерімен өзгелердің өмірін сақтап, басқаларға қол ұшын созып жүрген, сондай-ақ қиындықтарға қарамастан спортта жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар. Бұл кейде байқалмайтын, бірақ шын мәнінде жоғары адами ерліктер туралы оқиғалар. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная