ПОДЕЛИТЬСЯ
25 қазан 2021 | 11:11
"Жеңіс дәмін әркім сезінуі керек". Қолы жоқ паралимпиадашы жеңіс пен жеңіліс туралы
Нұрлан Домбаев спортта Қазақстанда ғана емес, әлемде де үлкен жетістіктерге жеткен. Ол - паратхэквондодан екі дүркін әлем чемпионы және үш дүркін Азия чемпионы. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында атыраулық паралимпиадашының қиын жолы туралы баяндайды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Нұрлан Домбаев спортта Қазақстанда ғана емес, әлемде де үлкен жетістіктерге жеткен. Ол - паратхэквондодан екі дүркін әлем чемпионы және үш дүркін Азия чемпионы. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында атыраулық паралимпиадашының қиын жолы туралы баяндайды.
Нұрлан 14 жасында электр тогының әсерінен екі қолынан да айырылған. Бірақ оның қалыпты өмір сүруіне отбасының қолдауы айрықша маңызды.
"Отбасымның қолдауы мен шыдамының арқасында жарақаттан кейінгі күйзеліске түспедім. Қолым болмауы мақсаттарыма жетуіме кедергі келтірмеді. Мектепті бітірдім, университетке түстім де, заңгер мамандығына оқыдым. Осы уақыт бойы спортпен айналысуды тоқтатқан жоқпын", - дейді Нұрлан.
Тхэквондодан бұрын ол кикбоксингпен айналысқан. Екі дүркін әлем чемпионы 2014 жылы паратхэквондошы Өмірәлі Нышанның жетістіктерін алғаш рет көргенде шабыттанғанын айтады. Сөйтіп, өзін осы спорт түрінде сынап көруге бел буған.
"2014 жылы Асан Қасаевтың жаттығуына келдім. Ол - менің алғашқы жеке жаттықтырушым. Мені екі жыл жаттықтырды, ал 2016 жылы Польшада өткен Еуропа чемпионатына бірінші рет қатысып, чемпион атағына ие болдым. Кейін, 2017 жылы Қазақстан спартакиадасында бақ сынап, чемпион атандым. Осылайша, Оңтүстік Кореядағы Азия чемпионатына барып, "алтынмен" оралдым. Сол жыл маған табысты болды. Лондонда өткен әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, чемпион атағымен елге оралдым", - деп еске алды 40 жастағы Нұрлан Домбаев спорттағы алғашқы жетістіктерін.
Нұрланның айтуынша, басында ол протездерін шешкісі келмеген, өйткені қолы болмағанынан ұялған. Дегенмен, жарыс кезінде тепе-теңдік ұстау қиын болған. Бірнеше жарыстан кейін ол ұятын жеңіп, протезсіз жаттығу керегін түсінген. Содан бері ол татамиге протезсіз шығады.
Спортшы 2019 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатына қатысып, екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Биыл Нұрлан Домбаев Токиода өткен Паралимпиадаға қатысты. Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанатында Раушан Қойшыбаевамен бірге Қазақстан құрамасының туын ұстап шықты. Өкінішке қарай, спортшы финалға шыға алмады. Оған жарақаты себеп болған:
"Мен Токиоға жақсы дайындықпен бардым және өз күшіме сенімді болдым. Бірақ, амал не, бірінші жекпе-жекте аяғыма ауыр соққы жасалды. Бұл кейінгі жекпе-жектерге айтарлықтай әсер етті", - дейді спортшы.
Нұрлан тұғырда тұрып, мемлекеттік әнұранды тыңдау сөзбен жеткізе алмайтын сезім екенін айтады.
"Мен бұл сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Менің ойымша, оны әркім сезініп көруі керек. Қазақстанда туғанымды мақтан тұтамын! Әр жеңістен кейін қанаттанып, жаңа жеңістерге ұмтыламын", - дейді Нұрлан.
Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр.
Жоба мақсаты - заманымызда адам өмірін құтқарып, басқаларға көмектесетін, сонымен қатар, қиындықтарға қарамастан спортта биік шыңдарға жеткен қарапайым батырлар туралы әңгімелеу. Бұл - кейде халық назарына түспесе де, үлкен ерліктер туралы оқиғалар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также