02 желтоқсан 2021 | 14:55

Мақсаты - адамдарды аяққа тұрғызу. Талдықорғандық жігіт жарақаттан кейін оңалту орталығын ашты

Ол 19 жасында жантүршігерлік апатқа түсті. Көлік бірнеше рет аударылған. Талдықорғандық жігіт омыртқасын ауыр жарақаттап, кейін жүре алмай қалды. Бірақ ол үмітсіз қалатын адам емес. Екі жылдан кейін Елдос Баялышбаев аяғына тұра алды. Жай тұрып қана қоймай, басқаларды да аяққа тұрғызу үшін оңалту орталығын ашты. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында қалай оның жігері құм болмай, кәсіпкер атанғанын баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Ол 19 жасында жантүршігерлік апатқа түсті. Көлік бірнеше рет аударылған. Талдықорғандық жігіт омыртқасын ауыр жарақаттап, кейін жүре алмай қалды. Бірақ ол үмітсіз қалатын адам емес. Екі жылдан кейін Елдос Баялышбаев аяғына тұра алды. Жай тұрып қана қоймай, басқаларды да аяққа тұрғызу үшін оңалту орталығын ашты. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында қалай оның жігері құм болмай, кәсіпкер атанғанын баяндайды.

Қазір Елдос Баялышбаев 29 жаста. Ол бүгінде отағасы, керемет қыздың әкесі және табысты бизнесмен. Бірақ бұған жету үшін ең қиын жолды еңсеруі керек болды. Жол апатынан кейін Елдос мүгедектер арбасына таңылған. Оңалтуға жылдар қажет болды. Бәрін қайта үйренуіне тура келді - киіну, қасық ұстау, отыру. Баласы міндетті түрде аяққа тұратынына сенген ата-анасы Елдосқа жан-жақты көмектесті.

"Мен 19 жасымнан бастап үйде жаттығып, қаламызда мен сияқтылар жаттығу істейтін, нәтижеге қол жеткізуге болатын оңалту орталығы болса деп армандадым. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай орталық жоқ еді. Сол кезде осындай орталық ашуды ойладым. Сонда бұл салада түзететін жайттар көп екенін, мүгедектерге не жетіспейтінін, қандай проблемалар барын түсіндім", - деді Елдос.

Реклама
Реклама

Сөйтіп, 2014 жылы Елдос "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының грантын жеңіп алып, Талдықорғанда "Асар" оңалту орталығын ашты. Ол қаладағы жаңа ғимараттардың біріндегі 350 шаршы метрде орналасқан. Елдостың отбасы алғашқы жаттығу құрылғыларын өз қолымен жасады. Бауыры сызбасын салған. Әкесі дәнекерлеушілермен бірге құрылғыны құрастырып, Елдос алғаш болып сынақтан өткізген. Осылайша, ол ауыр жаттығулардан кейін аяғына тұрған. Осыдан кейін Елдос Жапония елшігінің грантын жеңіп алды, бұл ақшаға тағы жаттығу құрылғыларын сатып алды. Қазіргі таңда орталық Италия, Польша, Германия, Ресей, АҚШ елдерінің заманауи құрылғылармен жабдықталған.

"Бізде көптеген жаттығу құрылғысы бұлшықеттерді дамытуға бағытталған. Біздің орталық I, II, III топтағы мүгедектерге арналған. Бізде негізінен омыртқа жарақаты, церебралды сал ауруы және инсульт алған адамдарға оңалту жүргізіледі. Қазірдің өзінде мыңдаған адам оңалтудан өтті. Олардың 200-300-ден астамы - жүріс арбасын, балдақты тастағандар, бірі мүгедектер арбасынан тұра алды, бірі жүріс арбасымен жүре бастады. Ал 400-ден аса адам өздігінен жүріп, киіне алды. Біз науқастармен кем дегенде бір ай жұмыс істейміз - отыруды, тұруды, жүруді қайта үйренеміз ", - деп түсіндірді Елдос Баялышбаев.

Орталыққа тек қазақстандықтар емес, көршілес елдер - Қырғызстан мен Өзбекстанның тұрғындары да келеді. Оңалту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Әрбір науқасқа жағдайы мен жарақат дәрежесіне байланысты түрлі жаттығу жасалады.

"Бізге негізінен үш жастан асқан науқастар келеді, үш жасқа толмағандар да келетін кездер болады. Ең бастысы, бойы біздің құрылғыларымызға сәйкес келетін науқастар қабылдаймыз. Бізде шамамен 30 пайызы - балалар, 70 пайызы - ересектер. Мысалы, спортшы да бар, бізге келгенде бір орында ғана тұра алатын, бірақ жүре алмайтын еді. Кейін ол бізбен бірге алғашқы қадамдарын жасады, артынша таяқпен жүре бастады. Мирас деген жігіт бар, бізге арбамен келді, қазір жүріс арбасын қолданады. Біз оған тұсаукесер жасадық. Мұндай жігіттер өте көп", - деді Елдос.

"Асар" орталығында қазақстандықтар оңалтудан тегін өте алады. Ол үшін емдеп жатқан дәрігерден анықтама алып, порталға кіріп, орталыққа жүгіну керек. Алдағы уақытта Елдос Талдықорғанда ірі кешенді оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр, оның құрылысы 2018 жылы басталған.

"Қазір оның 60 пайызы салынды. Бұл орталықта балалар мен ересектерге арналған бөлек залдар, логопед, физиологиялық емдеу, емдеу кабинеті, ұсақ моторика кабинеті, буфет болады. Құрылысты 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл - менің арманым. Мақсатым – адамды аяғынан тік тұрғызу, ешкімнен көмек сұрамай, тәуелсіз қылу. Жақсылыққа жасап, елге пайдалы болу", - дейді Елдос.

Елдос орталықтан бөлек, Алакөлде ерекше мұқтаж жандарға арналған пансионат ашты, сондай-ақ командасымен бірге "Автоволонтерство" әлеуметтік жобасын қолға алды. Команда мұқтаж жандарды көлікпен тасымалдайды. Төрт жылда жеті мыңнан аса осындай көмек көрсеткен. 2018 жылы Елдос "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпаздарының бірі болды.

Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Жобаның мақсаты - біздің заманымыздың қарапайым кейіпкерлері туралы айту, олар өз әрекеттерімен өзгелердің өмірін сақтап, басқаларға қол ұшын созып жүрген, сондай-ақ қиындықтарға қарамастан спортта жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар. Бұл кейде байқалмайтын, бірақ шын мәнінде жоғары адами ерліктер туралы оқиғалар. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная