21 қазан 2021 | 11:22

"Үйде жатқанша пайдамды тигізгенім жақсы". Медуниверситет студенттері пандемияда дәрігерлерге көмектесу туралы

2020 жылы Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде пандемия басталған кезде дәрігерлер еш ойланбастан алдыңғы шепте жүрді. Бүкіл мемлекеттің денсаулығы дәрігерлердің қолында болды. Олар күн демей, түн демей емдеп, халықты аман алып қалу үшін күресті. Балалары мен ата-анасын айлап көрмеген кездері де болды. Сол уақытта дәрігерлерге болашақ дәрігерлер - студенттер көмекке келді. Жас та болса да кәсіби мамандармен иық тіресе жұмыс істеді. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында "Астана" медицина университетінің" ерікті студенттері туралы әңгімелейді.  

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

2020 жылы Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде пандемия басталған кезде дәрігерлер еш ойланбастан алдыңғы шепте жүрді. Бүкіл мемлекеттің денсаулығы дәрігерлердің қолында болды. Олар күн демей, түн демей емдеп, халықты аман алып қалу үшін күресті. Балалары мен ата-анасын айлап көрмеген кездері де болды. Сол уақытта дәрігерлерге болашақ дәрігерлер - студенттер көмекке келді. Жас та болса да кәсіби мамандармен иық тіресе жұмыс істеді. Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасы аясында "Астана" медицина университетінің" ерікті студенттері туралы әңгімелейді.  

Бүгінде Айгерім Аймақова - Нұр-Сұлтандағы № 2 емхананың егу кабинетінің аға дәрігері. Ал шамамен бір жылдан аса уақыт бұрын ол "жалпы дәрігерлік практика" факультетінің алтыншы курс интернатурасында оқып жүрген кезінде астанадағы карантин стационарындағы дәрігерлер қатарына қосылған. 

"Неге өз еркіммен келдім? Себебі бұл - менің борышым. Менің борышым - эпиджағдайға қарамастан халыққа көмектесу. Әрине, бастапқыда ата-анам қорқып, уайымдады. Тіпті қарсы болған еді, бірақ оларға мен болашақ дәрігер екенімді түсіндіріп, сол жерде болуым керегін айтып, райынан қайтардым. 9-сыныптан кейін колледжге түстім, одан кейін жоғары оқу орнына түстім. 12 жылымды медицинаға арнадым. Оған мүлде өкінбеймін және көмектесуге дайынмын", - дейді ол. 

Реклама
Реклама

Айгерім жұмыс істеген стационарға көбіне шетелден келген адамдар түскен - олар ПТР-тестінің нәтижесін алғанға дейін карантинде жатады. Басқа да студенттермен бірге Айгерім науқастарды бастапқы тексеруден өткізіп, оларға таңғы ас, түскі ас таратып, ауру туралы ақпарат беріп отырған. 

"Шыны керек, жұмыс істеу қорқынышты болды, себебі пандемияның енді басталған кезі еді. Жұрт қорқып, не істерін білмей, үрейлене бастады, ешкімге сенбеді. Қиын болды. Біз психолог ретінде де көмектестік. Сабырға шақырдық. Бастапқыда қиын болды", - дейді ол.  

Бесінші курс студенті Айғаным Қайыргелдиева жансақтау бөлімінде жұмыс істеген. Ол үшінші курс оқып жүрген кезінде - 2020 жылдың наурызында - медициналық университеттің барлық студенті қашықтан оқуға көшкен болатын. Жазға дейін оқуын жалғастырып, артынша ауру өршіп тұрған кезде ауруханада мейірбике болып жұмыс істей бастайды. 

"Маусымда бір топта оқитын танысым жансақтау бөліміне мейірбике керегін айтты. Ол кезде бос уақытым жеткілікті еді, себебі бәрі жабылып қалған, неге істеп көрмеске деп ойладым. Медициналық тексерістен өтіп жүргенімде аурухана ковид-инфекциялық орталыққа айналды. Маман жетіспеді. Ойланбастан бірден сол жерге бардым. Обаға қарсы костюм киюге тура келді. Оттегі жетіспей, басымыз ауырды, маскалар берілді", - дейді Айғаным.   

Кейіпкеріміз қарқынды терапия бөлімінде тәулігіне 10-14 сағаттан жұмыс істегенін айтады. Күндіз де, түнде де. Инфекциалық стационарда жұмыс істеуіне анасы қарсы болса да, ол көндіріп, дәрігерлік борышын өтеуді ұйғарған. 

"Өздеріңіз білетіндей, жансақтау бөліміне жағдайы ауыр науқастар түседі - оларға оттегі жетіспейді. Көздері қорқынышқа толы науқастар не болып жатқанын түсінбей жатады. Ең қиыны - науқасқа бәрін түсіндіріп, оны сабырға шақыру. Психологиялық тұрғыдан қиын болды. Бірақ бірде-бір рет кетемін деген ой келмеді. Үйде жатқанша пайдамды тигізгенім жақсы", - дейді Айғаным.  

Айғаным әлі күнге дейін қарқынды терапия бөлімінде жұмыс істейді және болашақта реаниматолог болуды армандайды. Қалалық инфекциялық орталықта жетінші курс студенті Айбар Қыдирмин де жұмыс істеді. Ол 24 сағат істейтін кездер де болғанын айтады.  

"Сәуірден бастап менің тобымдағылар сол жерде істеді, оны естіп мен де көмектесемін деп ұйғардым, себебі ковид орталығында жұмыс істеуге кез келген адам келісе бермейтін. Бәрі қорқатын, оның ішінде мен де бармын, бірақ біз жеңе білдік. Қатты уайымдадым, себебі менен жақындарым жұқтырып алуы да мүмкін еді. Бірақ біз үрейімізді жеңе білдік", - дейді Айбар. 

Айбардың ковид орталығында жұмыс істеуі өзі үшін күтпеген жайтпен аяқталған. Ол орталықта өзі секілді медицина университетінің студенті бола тұра қиын кезеңде дәрігерлерге көмектесуге келген болашақ жарын кездестіріпті. Пандемия басталғалы Нұр-Сұлтандағы медициналық мекемелерде және Қазақстанның басқа да өңірлерінде "Астана медицина университетінің" 1000-ға жуық студенті жұмыс істеген.  

Tengrinews.kz "Арамыздағы батырлар" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. 

Жоба мақсаты - заманымызда адам өмірін құтқарып, басқаларға көмектесетін, сонымен қатар, қиындықтарға қарамастан спортта биік шыңдарға жеткен қарапайым батырлар туралы әңгімелеу. Бұл - кейде халық назарына түспесе де, үлкен ерліктер туралы оқиғалар.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная