Әттең, "Ак-Барс" қолға түспедің

Сурет hcbarys.kz сайтынан

Биыл Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф додасында Астананың "Барысы" Қазанның "Ак-Барсымен" кездеспейтін болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.Оған "кінәлі" – "Ак-Барстың" өзі. Плей-оффтың бірінші сатысында "Сибирь" (Новосибирск) клубынан ұтылып қалып, Гагарин кубогынан тыс қалды. Жалпы есеп – 2:4. Егер, бұл жұпта "Ак-Барс" жеңгенде, онда ширек финалда біздің "Барыс" Татарстан клубымен айқасатын еді. Енді "Шығыс" конференциясының бір жұбында "Металлург" (Магнитогорск) және "Сибирь" (Новосибирск) клубтары кездеседі де, екіншісінде "Барыс" әлі бірін-бірі ала алмай жатқан "Салават Юлаев" (Уфа) – "Торпедо" (Нижний Новгород) жұбында жеңіске жеткен командамен додаға түседі. "Барысқа" қай клубпен кездессе де, бәрібір ғой. Тек төрешілер қара қылды қақ жарып, әділетті болса, болғаны... Әрі "Салават Юлаев" пен "Торпедо" – бір-бірімен деңгейлес командалар. Қазір бұл екі ұжым арасындағы жалпы есеп – 3:3. Соңғы ойын ертең Уфада өтеді. Сол матчта жеңіске жеткені ширек финалға шығады. Ал онда 12 наурыздан бері қарсыласын күтіп отырған біздің "Барыспен" кездеседі.Негізі, жанкүйер біткенге "Барыстың" басқа клубпен емес, "Ак-Барспен" кездескені керек еді. Өйткені "Барыстың" "Ак-Барсқа" есесі оңбай кетіп жүрген. ҚХЛ-дың алғашқы үш маусымында Қазан клубы плей-оффта Қазақстан клубын үш мәрте ойсырата жеңген.2008/2009 және 2009/2010 жылдар маусымында 3:0 есебімен ұтып кеткен болатын (сол жылдары алғашқы кезең үш жеңіске дейін ғана созылған). Ал 2010/2011 жылдар маусымында 4:0 есебімен басым түскен.Қазір "Барыс" та, "Ак-Барс" та бұрынғыдай емес. Қазақстан клубының ойыны үйлесіп, финн маманы Ари-Пекка Селин команда тізгінін ұстағалы нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Ал "Ак-Барс" сол кездегідей тым азулы емес...Өкінішті, әрине, биыл екеуінің жолы түйіссе, "қазақстандықтар есе қайтатар ма еді" деген сұрақ жауапсыз қалды. Негізі, "Барыстың" ойыншыларының кейбіреулері де ширек финалда "Ак-Барспен" додаға түсуді қалап еді."Жазмыштан озмыш жоқ" дегендей, енді тек "Салават Юлаев" (Уфа) – "Торпедо" (Нижний Новгород) жұбындағы соңғы матчты тосамыз. Ал "Ак-Барспен" бұйрық болса, әлі талай кездесерміз...
Реклама
Реклама
Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
news0
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама