2022 жылы Алматыда қаланың 40 көшесін ұзарту және кеңейту жобасы әзірленді. Ол екі кезеңге бөлінді. Көшелердің бір бөлігі 2025 жылға дейін, ал қалғандары 2030 жылға дейін реконструкциялануы тиіс еді. Ауқымды жоспарлардың арасында Жұбанов көшесі де аталды: оны батыс және шығыс бағытта екі жаққа ұзарту көзделген болатын. TengriHome қала әкімдігінің жоспарларында не өзгергенін анықтады.
Батыл жоба
Батыс бағытта Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін 5,3 шақырымға ұзарту жоспарланған еді. Ол төрт жолақты - ені кемінде 40 метр болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр. Жақында мұнда Алматы әкімі Ерболат Досаев болып қайтты, содан кейін әкімдіктің баспасөз қызметі жұмыстардың қашан аяқталуы тиіс екенін хабарлады. Ресми мәліметтер бойынша, бұл учаскенің ұзындығы қазірдің өзінде қысқарып, 3,9 шақырымды құрап отыр.
"Құрылыс аймағында 279 жер учаскесі бар, оның бүгінде 208-і сатып алынды. Нысанды пайдалануға беру келесі жылдың аяғына жоспарланған", - делінген хабарламада.
Дегенмен, аталған жоба Жұбанов көшесін шығыс бағытта да ұзартуды қарастырған болатын, бірақ бұл туралы қазір ешкім тіс жармайды.
Жоспарлар өзгерді
Жұбанов көшесі Әуезов ауданындағы Сайран көлінен басталады және әзірге қозғалыс Момышұлы көшесіне дейін ашық.
2022 жылы су қоймасы арқылы көпір немесе эстакада салу уәде етілген болатын, бұл Жұбанов көшесінің шығыс бағыттағы ұзындығын тағы 2,4 шақырымға арттыруға мүмкіндік берер еді.
Нәтижесінде ол Есенжанов көшесіне шығып, одан кейін Шевченко көшесімен қосылуы керек болатын.
"Қазіргі уақытта Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Жұбанов көшесін шығыс бағытта ұзартуды жоспарлап отырған жоқ", - деп хабарлады TengriHome-ға берген жауабында.
Бұл жоба Абай даңғылын, Жандосов және Төле би көшелерін жеңілдету үшін жоспарланған еді. Жұбанов көшесі де Шевченко көшесі сияқты батыс бағытта бір жақты болуы мүмкін екені қарастырылған. Сондықтан ол тек кешкі көлік ағынын жеілдетер еді.