ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- Кеше 17:41
Астанада кондиционерлерді орнату ережелері өзгереді: егжей-тегжейі
Астанада кондиционерлерді орнатудың жаңа ережелері енгізіледі. Енді оларды орнату кезінде елорданың дизайн-код талаптарын сақтау қажет болады. Бұл мәселе 22 шілдеде қалалық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды, - деп хабарлайды ТengriНome тілшісі.
Астанада кондиционерлерді қай жерлерге орнатуға тыйым салынады?
Астананың дизайн-кодын сәулет басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов таныстырды. Ол елордада кондиционерлерді орнатуға қатысты нақты талаптар жазылатынын айтты. Мысалы, тұрғын үйдің жайлылық деңгейіне байланысты орнату шарттары әртүрлі болады:
- 1-ші және 2-санаттағы ("элита" және "бизнес-санат") ТҮК-тер үшін: кондиционерлерді қасбеттерге орнатуға рұқсат етіледі, бірақ олар тек ғимараттың жалпы стилінде жасалған арнайы қорғаныс қоршауларында ғана болуы тиіс.
- 3-ші және 4-санаттағы ("жайлылық" және "эконом-санат") ТҮК-тер үшін: сыртқы блоктарды қасбетке орнатуға тыйым салынады. Оларды ғимарат конструкциясына біріктіру қажет болады - яғни жасырын қуыстарға, қасбеттің ішіне немесе балкон/лоджияларға орналастыру керек.
"Бастапқы жобада кондиционерлер жалпы қасбетпен үйлесім табуы тиіс деп болжап отырмыз. Оларды орналастырудың басқа да нұсқалары бар. Айталық, аппарат қасбеттің сыртында емес, ішінде, балкон немесе жасырын қуыстарда болатын тәсілдер қарастырылған. Мұндай жобалар қазірдің өзінде бар. Дизайн-кодта олардың қалай және қай жерде орналасуы керек екені нақты жазылады", - деді Алтынбек Ахметов.
Астанада кондиционерді дұрыс орнатпағаны үшін айыппұл салынуы мүмкін
Қазірше дизайн-код қабылданған жоқ. Оны қоғамдық кеңес, мәслихат және әкімдік мақұлдауы тиіс. Осыдан кейін жаңа ережелер міндетті болып саналады, ал оларды бұзғандарға айыппұл салынуы мүмкін.
"Егер ереже бұзылса - айыппұл қарастырылған. Әкімшілендіру мәселесі - бұл жеке құжат", - деп қысқаша түсініктеме берді Алтынбек Ахметов.
Қазір кондиционерлер үшін қандай айыппұлдар қолданылады?
Бүгінде жағдай былай: егер үй пайдалануға беріліп қойса, ал тұрғын кондиционер орнатуды ұйғарса, оны қасбетке өз бетінше монтаждауға болмайды. Бірақ әзірге бұл мәселені тұрғындар өздері шешеді:
- пәтер иелерінің жалпы жиналысы өткізіледі;
- кондиционерді қасбетке орнату үшін барлық тұрғынның келісімі қажет.
Егер көршілер қарсы болмаса, сыртқы конструкция бәрібір үйдің сәнін бұзбауы керек - оны арнайы тор немесе қасбет түсіне сәйкес келетін себетпен жабу қажет.
Кондиционерді МИБ немесе тұрғындардың келісімінсіз қасбетке орнату абаттандыру ережелерін бұзу болып есептелуі мүмкін. Ол үшін айыппұл қарастырылған.
Жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі - 20 АЕК (86 500 теңге). Бизнес үшін - санатына байланысты 30-дан 100 АЕК-ке дейін (129 750-ден 432 500 теңгеге дейін). Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері артады.
Егер кондиционер орнатылып қойған болса, заңгер оны МИБ арқылы заңдастыруға тырысуды ұсынады. Ал айыппұл салынып қойса, оны жеті күн ішінде 50 пайыз жеңілдікпен төлеуге немесе негіздер болған жағдайда шағымдануға болады.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу