Астанада шенеуніктерге құрылыс компанияларын сотқа беруге тағы бір мүмкіндік берілмек

Құрылыс салушылар Фото: © Tengrinews.kz / Махаббат Енсебаева

Құрылыс компаниялары тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін инженерлік желілерді қала балансына өткізуге асықпайтын жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті оларды сот арқылы міндеттеудің өзі кейде нәтиже бермейді. Бұған не себеп және Астанада бұл мәселе қалай шешілмек?

Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жаңа тұрғын үй кешендерінің коммуналдық желілерін қала балансына өткізбеген жосықсыз құрылыс компанияларымен соттасып жүр. Алайда мұндай талап арыздар әдетте қараусыз қалады.

Басты себеп - басқарманың қолданыстағы ережесінде инженерлік желілерді қала балансына өткізуге міндеттеу үшін сотқа жүгіну құзыреті нақты көрсетілмеген. Ал мұндай өкілеттік болмаған соң, сот істі қарауға негіз таппайды.

Жарнама
Жарнама

Бұл мәселеге МСҚБ басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау кезінде назар аударылды.

"Басқарма туралы ережеде инженерлік желілерді беруге мәжбүрлеу туралы талап арыздарды ұсыну бойынша тікелей, императив бекітілген функцияның болмауы құқықтық вакуум тудырады. Мұндай құқықтық белгісіздік мемлекеттік орган қызметіндегі бірізділікті жоққа шығарады, шешімдер қабылдаудың ашық болуына кедергі келтіреді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жағдай жасайды", — делінген мониторинг нәтижелері бойынша дайындалған талдау анықтамасында.

Нәтижесінде шенеуніктер басқарма ережесіне "жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылыстарының коммуналдық меншікке берілуін бақылау" функциясын енгізуді ұйғарды. Бұл жұмысты 2026 жылғы 10 тамызға дейін аяқтау ұсынылды.

Кейін МСҚБ басқармасында құрылыс салушылардан коммуналдық желілерді қала теңгеріміне өткізуді сот арқылы талап етуге заңды мүмкіндік пайда болады.

Заң бойынша, құрылыс салушы алты ай ішінде бұл нысандарды мамандандырылған пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне өткізуге міндетті. Бірақ бұл талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама