Астанада "Инфинити-1" тұрғын үй кешеніндегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы сеніп тапсырылған қаржыны аса ірі көлемде талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды. Елорданың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Істің мән-жайын TengriHome тілшілері анықтады.
Сот үкіміне сәйкес, 1992 жылы туған бірлестік төрағасы тұрғын үй кешенін 2021 жылдың қарашасынан 2024 жылдың қарашасына дейін басқарған. Осы уақыт аралығында оның мүлік иелері бірлестігінің барлық есепшотына қол жеткізу мүмкіндігі болған.
Сот оның қызметтік өкілетін пайдаланып, бірлестік қаражатын жүйелі түрде жеке шоттарына аударып, өз қажетіне жұмсағанын анықтады.
Ақпаратқа сәйкес, бұл кезеңде төрағаның жеке шоттарына 81 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Алайда бұл соманың ішінде оның ресми жалақысы да бар. Осыны ескерген сот нақты келтірілген шығын көлемін 75 395 095 теңге деп белгіледі.
Іс материалдарына сүйенсек, тергеу мен сот тұрғындардың үйді күтіп-ұстауға аударған қаражаты мақсатсыз жұмсалған деген қорытындыға келген. Шығындар қатарында букмекерлік кеңселердегі шоттарды толықтыру, ұялы байланыс ақысын төлеу, азық-түлік сатып алу, тағам жеткізу қызметі, такси және өзге де жеке қажеттіліктерге жұмсалған төлемдер бар.
Сот МИБ шоттарынан аударылған қаражаттың кейінгі қозғалысына да назар аударған. Үкімде келтірілген эпизодтардың бірінде жеке шотқа бір миллион теңгеден астам қаражат түскеннен кейін небәрі 1 минут 37 секундтан соң оның 900 мың теңгесі букмекерлік кеңсенің ойын шотына аударылғаны көрсетілген. Сот мәліметінше, осындай жолмен букмекерлік сервистерге жалпы 25,7 миллион теңгеден астам қаражат жіберілген.
Сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол сотта қаражатты жеке шоттарына тұрғын үй кешеніне қажет жұмыстар мен материалдар ақысын жедел төлеу үшін аударғанын айтты. Ал есеп-қисаптағы олқылықтарды бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілмеуімен байланыстырды. Осыған байланысты өзін ақтауды сұрады.
Алайда сот оның бұл уәждерін негізсіз деп тапты. Үкімде бухгалтерлік құжаттардың бір бөлігі қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, өткен күнмен рәсімделгені және олардың жасалған операциялардың заңдылығын растай алмайтыны атап өтілген.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының бұрын сотталмағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Дегенмен 75 миллион теңгеден астам шығынның өтелмегеніне назар аударды. Бас бостандығынан айыру жазасымен қатар, сот оған шаруашылық-қаржылық қызметке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салды.
Сондай-ақ сот бұлтартпау шарасын үйқамақтан күзетпен ұстауға өзгертті. Сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.