Жаңа Конституция бойынша тұрғын үйден шығару жалға алушыларға емес, иелеріне қатысты - сарапшылар

Айнұр Қапышова Корреспондент
Жаңа Конституция бойынша тұрғын үйден шығару жалға алушыларға емес, иелеріне қатысты - сарапшылар Фото: ©️ Tengrinews.kz / Игорь Неволин

Жаңа Конституцияның тұрғын үйден міндетті түрде сот арқылы шығару туралы нормасы жалға беру нарығын түбегейлі өзгертеді - блогерлер мен БАҚ қазақстандықтарды осылай деп үрейлендірді. Адал емес жалға алушылар енді сот шешімін күтіп, біреудің пәтерінде айлап тегін тұра алады-мыс. Бұл қаншалықты рас екенін TengriHome журналистері анықтап көрді.

Жаңа Конституцияның тұрғын үйден міндетті түрде сот арқылы шығару туралы нормасы жалға беру нарығын түбегейлі өзгертеді - блогерлер мен БАҚ қазақстандықтарды осылай деп үрейлендірді. Адал емес жалға алушылар енді сот шешімін күтіп, біреудің пәтерінде айлап тегін тұра алады-мыс. Бұл қаншалықты рас екенін TengriHome журналистері анықтап көрді.

Наурыз қарсаңында ақпараттық кеңістікті пәтерлерді жалға беру енді тек тиімсіз емес, қауіпті болады деген ақпарат дүр сілкіндірді. Тұрғын үй иелері тәуекелді ескеріп бағаны көтеруге немесе нарықтан кетуге мәжбүр болатыны хабарланды. Нәтижесінде барлығы "окупастар" ағылады деп алаңдай бастады.

Біз саясаттанушы әрі конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Марат Шибутовтан жаңа норманы түсіндіруін сұрадық. Ол әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жалға алушылар енді жалдау ақысын төлемей қояды, ал оларды шығару мүмкін болмайды деген дәлелсіз қауесеттердің бір мезетте кең таралғанына назар аударды.

Реклама
Реклама

2026 жылғы 15 наурызда референдумға шығарылған Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабы (1 шілдеден бастап күшіне енеді)

1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.

2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.

Шибутовтың айтуынша, жалдау ақысын төлемеген жалға алушылар қазіргі тәжірибеде тұрғын үйден шығарылатындардың негізгі санаты емес. Оның сөзінше, сот арқылы шығару туралы айтылғанда, әдетте несие алу үшін пәтерін кепілге қойып, оны өтей алмай жүрген борышкерлер меңзеледі. Сондай-ақ шығару мемлекеттік қажеттіліктер үшін бұзу және сатып алу кезінде сот арқылы жүзеге асады. Тек содан кейін ғана жалдау шарттарына қатысты мәселелер сөз болады.

Саясаттанушы мәселе сотқа жеткеннің өзінде, шығару соншалықты қиын процесс емес екенін көрсететін статистиканы келтірді.

"2025 жылғы азаматтық істерді қарасақ, соттарға азаматтарды басқа баспана бермей тұрғын үйден шығару туралы 3 543 талап арыз түсті. Оның ішінде 12 талапты қараудан бас тартылды, 753 талап қайтарылды, 2 748 іс қозғалды, 1 297 шешім шығарылды. Шығарылған шешімдердің ішінде 1 156 талап қанағаттандырылды, 141 жағдайда бас тартылды. Яғни, сіз жалға беруші болсаңыз және осы кезеңде сот сіздің борышкер жалға алушыға қарсы талап арызыңызды қараса, 89 пайыз ықтималдықпен сіз жеңер едіңіз. Еске сала кетейін, бірақ үйден шығару туралы талаптардың негізгі бөлігі жалға алушыларға емес, қарызды ұзақ уақыт өтемеген борышкерлерге қатысты", - дейді конституциялық комиссия мүшесі.

Бұған қоса, саясаттанушы Қазақстанда 2025 жылы талап қою өндірісі бойынша (азаматтық, еңбек, отбасылық, тұрғын үй дауларын шешуге қатысты талапкер мен жауапкер бар процестер) барлығы 676 958 іс болса, соның небәрі 0,5 пайызын үйден шығару туралы талаптар құрағанын айтты.

Шибутов конституциялық нормаларды енгізу енді ғана басталып жатқанын атап өтті. Ал кейбіреулердің үрейін тудырған сот арқылы үйден шығару мәселесіне келсек, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заң мен "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заң қалай өзгеретінін көру керек. Бәлкім, бұл норма бойынша Конституциялық соттың жеке түсіндірмесі мен Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы шығуы мүмкін.

"Қазір әлеуметтік желілердегі барлық пікір - бұл қауесет пен болжам ғана", - дейді конституциялық комиссия мүшесі.

Сонымен қатар сарапшы қауесеттерге сенбеуге шақырды, бұл мақсатты түрде ұйымдастырылған науқан болуы мүмкін.

"Олар жалдау ақысын төлемейтіндерді мүлде шығаруға болмайды немесе мұндай істер бойынша сот ұзаққа созылады деген тұжырымды қайдан алды?"

Заңгер Сергей Злотников та сот арқылы шығару туралы сөз болғанда, бұл әдетте тұрғын үй иелеріне қатысты екенін растады.

"Егер жалға алушылар туралы айтсақ, жалдау шартының мерзімі аяқталса немесе жалға алушы шарттың қандай да бір тармағын бұзса, мұндай жағдайда жалға беруші жалға алушыны өзі немесе полиция көмегімен шығаруға құқылы. Шарт болмаса жағдай басқаша. Мұнда сот процесі болуы мүмкін".

Демек, пәтерді жалға беретіндер үшін алаңдауға негіз жоқ - сарапшылар осылай сендіреді. Алайда нарыққа қатысты теріс болжам тез таралды. Мысалы, осы тақырыптағы YouTube-та жарияланған сюжеттердің бірі мереке күндері бір миллионнан аса қаралым жинаған, әдетте Наурызда қазақстандықтар аз қарайды және оқиды, серуендеп, қонаққа баруды жөн көреді. Мұны осындай контент адамдардың үрейін тудыратынымен түсіндіруге болады.

Бұл жерде Қазақстандағы жалға берушілер кімдер екені маңызды. Біз мұны тұрғын үйді жалға беру жөніндегі маман Дмитрий Мальцевпен талқыладық. Оның айтуынша, қалыптасқан түсінікке қарамастан, жаппай тұрғын үй сегментінде пәтерлерді көбінесе ондаған немесе жүздеген емес, бір немесе екі пәтері бар адамдар жалға береді.

"Кейбіреулерге тұрғын үй мұраға қалған, - деп сипаттайды Мальцев жалға берушінің портретін. - Көпшілігі алдымен бір пәтер сатып алып, кейін екіншісін ипотекаға алып, қазір жалдау ақысымен несиесін жауып отыр. Үлкен көлемде пәтерлерді флипперлер (жылжымайтын мүлікпен мәмілелер арқылы табыс табатын кәсіпкерлер - ред. еск.) сатып алған, оларға тез жөндеу жасап, қайта сату керек. Жалға беру нарығы олар үшін соңғы шара. Тек ұзақ уақыт сатылмаса ғана. Тағы біреулер ақшасын бетонға инвестициялаған. Олар көбіне жөндеу жасамайды, бұл пәтерлер жалға беру нарығына да шықпайды".

Осыдан шығатын қорытынды - бұл адамдар үшін пәтерді жалға беру аса маңызды, олар жалдау есебінен өмір сүреді немесе басқа тұрғын үйінің ипотекасын төлейді. Сондықтан кез келген ықтимал мәселе олар үшін күрделі, соның ішіне жалдау ақысын төлемейтін жалға алушыны шығару мүмкіндігінен айырылу қаупі де кіреді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл әсіресе пәтерін ресми шартсыз жалға беріп, табысын жасыратындарды алаңдатуы мүмкін. Мамандар жалға алушыларды шығаруда қиындық болмауы тиіс деп сендірсе де, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан олар бәрін ресми түрде рәсімдеуді ұсынады, өйткені бір күні сотқа жүгінуге тура келуі мүмкін.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Автор сұрағы
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама