Қазақстанда құрылыс лицензиялары берілгеннен кейін компанияларға бақылау күшейтіледі, - деп хабарлайды Tengri Home.
Құрылыс сапасын бақылау
Қазір құрылыс сапасын жергілікті атқарушы органдар қадағалайды. Ал орталық уәкілетті орган олардың жұмысын үйлестіріп, әдістемелер әзірлейді және құрылыс саласын цифрландыруға жауап береді.
"Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы функцияларын орталық уәкілетті органның құзырына беру мәселесі бұған дейін, оның ішінде Мәжілісте Құрылыс кодексінің жобасын талқылау кезінде қаралған. Алайда талқылау қорытындысы бойынша бұл бастама қолдау таппады. Сондықтан қабылданған Құрылыс кодексінде қолданыстағы модель сақталды", — деді премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар, құрылыс процестерін цифрлық форматқа көшіру үшін "e-Qurylys" платформасы енгізіліп жатыр. Бұл жүйені мемлекеттік сатып алу веб-порталымен біріктіру жұмысы да жүргізіліп жатыр. Соның арқасында келісімшарттар, орындалған жұмыстар, техникалық құжаттар, актілер мен төлемдер өзара байланыстырылып, құрылыс барысы ашық бола түспек.
Жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты бақылауды одан әрі цифрландыруға, мәліметтерді автоматты түрде тексеруге және салаға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге құқықтық негіз қалыптасып жатыр.
Құрылыс саласындағы лицензиялау
Бектенов жаңа Құрылыс кодексінде лицензия алғаннан кейінгі бақылауды күшейтуге бағытталған нормалар қарастырылғанын атап өтті. Енді құжаттарды формалды тексерумен шектелмей, компаниялардың белгіленген талаптарға нақты сай келуі тұрақты түрде бақыланады.
"Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы автоматтандырылған реестрді жүргізу қағидалары бекітілді. Оны енгізу берілген лицензиялар мен рұқсаттар туралы мәліметтерді жүйелеуге, сондай-ақ, лицензиаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігін тұрақты негізде тексеруге мүмкіндік береді", — деді ол.
Реестрде компаниялар туралы негізгі деректер қамтылады. Атап айтқанда, мамандар мен сарапшылардың болуы, өндірістік базасы, техникалық жарақтануы, іске асырған нысандары, рұқсат мәртебесі, сондай-ақ, оның тоқтатылуы немесе күшін жою жағдайлары көрсетіледі.
Тексеріс осы мәліметтерді мониторингтеу арқылы жүргізіледі. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция мүмкіндігі пайдаланылады.
"Белгіленген талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда субъектінің атына заңбұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолданады. Егер олқылықтар жойылмаса, рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру және оны заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтату шаралары қабылданады", — деді Бектенов.
Сонымен қатар, Үкімет автоматтандырылған реестр деректерін, Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі, мемлекеттік кірістер органдары және басқа да жүйелердің мәліметтерін пайдалана отырып, лицензиаттарға тәуекелге негізделген талдау жүргізеді. Бұл талдау техника, персонал және өндірістік база бойынша жүзеге асырылады.
Егер компаниялардан талаптарға сай келмеу белгілері анықталса, нақты тексерулер жүргізіліп, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, оны қайтарып алу немесе күшін жоюға дейінгі шаралар қабылданады.