Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы мен жалдау ақысына қатысты соңғы мәліметтерді жариялады. Ел бойынша жалпы жағдайға тоқталсақ, өзгерістер айтарлықтай емес. Ал өңірлер бөлінісіндегі ахуал қандай? TengriHome талдау жасады: қай қалаларда өсім көбірек? Айта кетерлігі, бұл тізімде Астана мен Алматы көш бастап тұрған жоқ. Қай қалада пәтерлер, керісінше, арзандады? Қай қалаларда тұрғын үй жалдау қымбатқа түседі, ал қай жерде тиімдірек?
Ел бойынша орташа көрсеткішті алсақ, сәуірде жаңа салынған үйлердегі пәтерлер 0,6 пайызға қымбаттап, қазір оның бағасы 615 933 теңге болып отыр. Ал ескі тұрғын үй қорында бұл көрсеткіш 630 009 теңгеге дейін өсті (өсім 0,9 пайыз). Жалдау ақысы 0,2 пайызға көтерілген.
Тұрғын үй қай жерде қымбаттап жатыр?
Бір ай ішінде жаңа салынған үйлер бағасының өсімі бойынша мына қалалар көш бастап тұр:
- Ақтөбе. Плюс үш пайыз. Құны - 356 454 теңге
- Түркістан. Плюс 2,9 пайыз. Құны – 387 697 теңге
- Көкшетау. Плюс 2,3 пайыз. Құны – 358 868 теңге
Астанаға тоқталсақ, мұнда баға бұрынғы деңгейде қалған - 731 990 теңге, Алматыда 1,5 пайызға көтеріліп, 733 375 теңге болды.
"Қайталама" нарықта баға өзгерісі мына қалаларда қатты байқалған:
- Көкшетау. Плюс 4,2 пайыз. Құны – 369 307 теңге
- Қарағанды. Плюс 3,4 пайыз. Құны – 411 029 теңге
- Жезқазған. Плюс 3,3 пайыз. Құны – 385 086 теңге
Астананың ескі тұрғын үй қорында шаршы метр бағасы 0,4 пайызға төмендеп, бүгінде бір шаршы метр үшін 728 903 теңге болған. Алматыда екі пайызға өсіп, 746 967 теңге болды.
Жалдау ақысы: қайда қымбат және қайда арзан?
- Ақтау. Плюс 3,6 пайыз. Құны – 3 957 теңге
- Жезқазған. Плюс 3,1 пайыз. Құны – 4 258 теңге
- Шымкент. Плюс 2,9 пайыз. Құны – 4 429 теңге
Астанада пәтер жалдау 0,5 пайызға қымбаттады. Қазір мұнда бір "шаршы метр" үшін 5 529 теңге сұрайды. Алматыда ол 5 824 теңгеге бағаланып отыр, бұл наурыздағы көрсеткіштен 0,5 пайызға төмен.
Тұрғын үй қай жерде арзандап жатыр?
Бағаның алғашқы нарықтағы төмендеуі Ақтау мен Оралда тіркелді. Бұл қалаларда шаршы метр бағасы наурызбен салыстырғанда 0,3 пайызға арзандаған. Ақтауда қазір – 463 722 теңге, Оралда – 325 231 теңге. Астана, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Петропавл, Семей және Тараз қалаларында баға өзгеріссіз қалды. Қайталама нарықтағы тұрғын үйлер бойынша мына қалаларда айтарлықтай арзандау байқалған:
- Қызылорда. Минус 1,6 пайыз. Құны – 341 027 теңге
- Түркістан мен Ақтау. Минус 1,1 пайыз. Құны: Түркістан – 383 738 теңге, Ақтау – 359 710 теңге
Жалдау ақысы төмендеген қалалар:
- Семей. Минус 2,9 пайыз. Құны – 3 818 теңге
- Петропавл. Минус 2,7 пайыз. Құны – 4 609 теңге
- Тараз. Минус 2,4 пайыз. Құны – 2 525 теңге
Пәтер ең қымбат және ең арзан қалалар?
Ең жоғары баға
Жаңа үйлердегі пәтерлердің қымбаттығы бойынша бірінші орында Алматы тұр. Мұнда "шаршы метр" құны 733 375 теңгеге дейін көтерілген. Одан кейінгі орында Астана – 731 990 теңге. Үшінші орында – Атырау, мұндағы көрсеткіш – 537 968 теңге. "Қайталама" нарықта да қаржылық тұрғыдан Алматыдан жылжымайтын мүлік алу қиын. Шаршы метріне 746 967 теңгеден есептеп қаражат жинау керек. Елордада бұл сома - 728 903 теңге. Тұрғын үйі қымбат үштікке Атырау да кіреді, мұнда бір "шаршы метр" 513 070 теңге болады.
Төменірек баға
Тұтынушының қалтасына Оралдағы құрылыс салушылардың пәтерлері тиімдірек түседі, мұнда шаршы метр 325 231 теңгеге бағаланады, Ақтөбеде – 356 454 теңге, Қызылордада – 387 665 теңге. Қайталама нарықтағы үйлерге келсек, ең тиімдісі Қызылордада – 341 027 теңге, Таразда – 352 135 теңге және Ақтауда – 359 710 теңге.
Жалдау ақысының ең жоғары және ең төменгі бағасы
Қазіргі уақытта тұрғын үй жалдау ең қымбат қалалар: Алматы – шаршы метріне 5 824 теңге, Астана – 5 529 теңге және Қарағанды – 4 875 теңге. Ал ең тиімді баға Таразда – 2 525 теңге, Түркістанда – 2 751 теңге және Қызылордада – 3 136 теңге болды.