ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті "Bolashak Construction Company KZ" ЖШС басшысына қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тергеу амалдарына сай, күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті рұқсат құжаттарын алмай-ақ "Семья" тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қатысу сылтауымен жеке тұлғалардың қаражатын тартуды ұйымдастырған.
"Азаматтармен пәтерлер мен коммерциялық нысандарды алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Жобаның заңды көрінісін қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жүргізіліп, Қостанайда кеңсе жалға алынған. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде "Семья" тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысына 28 жеке және 1 заңды тұлғадан жалпы сомасы 162 миллион теңгеден аса қаражат тартылған", - делінген хабарламада.
Алайда күдікті бұл қаражатты нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, өз қалауы бойынша жұмсаған. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмаған.
"Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайларына тыйым салынды. Оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды".
Қылмыстық іс сотқа жолданған.
Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!