Қазақстанда ипотека алу қиындап барады: банктер талапты күшейтіп, мөлшерлеме өсіп жатыр, ал мақұлдаудан үмітті жандарға бас тарту туралы жауаптар келеді. Осы тұста ипотекалық брокерлердің - күрделі жағдайларда да несие рәсімдеуге көмектесуге уәде беретін делдалдардың қызметі танымал бола бастады. Олар шын мәнінде кім - кәсіби кеңесшілер ме, әлде күмәнді "көмекшілер" ме? Бұл мәселені Tengri Home тілшісі анықтап көрді.
"Банк бас тартты"
Астаналық Қожахметовтер отбасы ипотека рәсімдеу кезінде күтпеген мәселеге тап болды. Ерлі-зайыптының айтуынша, тұрғын үй несиесінің мөлшерлемесі 14,5 пайыздан 20,5 пайызға дейін өсіп, соңында банк қарыз рәсімдеуі тиіс болған отағасына несие беруден бас тартқан.
Шешім іздеген отбасы таныстарының кеңесімен ипотекалық брокерлерге жүгінген:
"Таныстарымыздың айтуынша, ипотекалық брокерлер ипотека рәсімдеуге болатын барлық нұсқасын іздеп, саралайды екен. Біз де байқап көруді жөн санадық".
Әйелдің айтуынша, компания кеңсесінде оларға бірден келісімшартқа отыруды ұсынған. Қызмет құны шамамен 900 мың теңге, оның 300 мыңын бірден төлеу керек болған.
"Біз күмәнданбадық, алаяқтық болуы мүмкін деп те ойламадық, өйткені компания жарнамасы әлеуметтік желілерде еркін жүрді. Бізге расында да бірнеше нұсқа ұсынды. Бірінші және ең бастысы - несиелерімізді қайта қаржыландырып, мені қосалқы қарыз алушы ретінде көрсету болды. Банкте бізге мұндай нұсқа ұсынылмаған еді", - дейді ол.
Нәтижесінде, жоғары пайызбен болса да, отбасына ипотека мақұлданды.
Ипотекалық брокерлер не дейді?
Брокерлік компаниялардың бірінде Tengrinews.kz тілшісіне клиенттер нәтиже үшін ақы төлейтінін мәлімдеді.
"Клиенттер рәсімдеу үшін емес, нәтиже мен басқарылатын процесс үшін төлейді. Біз мақұлдау алудың бүкіл стратегиясын өз мойнымызға аламыз", - деп түсіндірді компанияның филиал директоры Бану.
Оның айтуынша, ипотекалық брокерлердің жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен мамандар клиенттің табысын, несие тарихын және қазіргі борыштық жүктемесін талдайды, содан кейін әлсіз тұстарын анықтап, қолайлы банктерді таңдайды:
"Әртүрлі банкте бағалау тәсілі де әртүрлі. Біз өтінім беру стратегиясын құрамыз және банкпен байланыстың барлық кезеңінде клиентті сүйемелдейміз".
Сонымен қатар Tengrinews.kz-ке сұхбат беруші ипотекалық брокерлердің заңсыз схемаларды қолданбайтынын айтты.
"Мұндай сұраныс, әсіресе бұған дейін бас тарту алған клиенттерден жиі түседі. Бірақ біз құжаттармен жасалатын кез келген айла-шарғы клиенттің өзі үшін тікелей қауіп екенін әрдайым түсіндіреміз. Біз тек заң мен банктік талаптар аясында жұмыс істейміз", - деді Бану.
Сондай-ақ ол барлық клиентке бірдей брокер қызметі қажет емес екенін мойындады.
"Егер адамның тұрақты расталған табысы, жақсы несие тарихы және төмен жүктемесі болса, оның банкте тікелей мақұлдау алу мүмкіндігі жоғары. Бірақ кейбір клиенттер уақыт үнемдеу және процесті сүйемелдеу үшін бәрібір бізбен жұмыс істеуді таңдайды", - деп толықтырды ол.
"Мен оларды "көмекшілер" деп атаймын": заңгер пікірі
Заңгер Данияр Байғабатов ипотекалық брокерлерге күмәнмен қарайды және қазақстандықтарға сақ болуға кеңес береді.
"Менің ұсынысым - ипотекалық брокерлерге жүгінбеу керек. Себебі олар көп нәрсені уәде етеді. Мысалы, несие тарихы нашар клиенттің де ипотека алатынын айтады", - деді ол.
Заңгердің айтуынша, несие беру туралы шешімді банктің автоматтандырылған жүйесі мен несиелік комиссиясы қабылдайды.
"Егер қандай да бір байланыс немесе таныс болса, бұл кез келген жағдайда заңсыз. Іс жүзінде мен ипотекалық брокерлердің несиені заңды жолмен алуға шынымен көмектескенін көрген емеспін", - деп жалғастырды ол.
Заңгер басты қауіп ақшадан айырылу деп санайды.
"Қауіп - олардың қызметі үшін төлеген ақшаңызды босқа жоғалтуыңызда. Мен оларды "көмекшілер" деп атаймын. Иә, олар қандай да бір жұмыс атқарады, бірақ оны дұрыс жасамайды", - деді сұхбат беруші.
Байғабатов қазақстандықтарға несие тарихын өз бетінше жақсартып, банктерге тікелей жүгінуді ұсынды:
"Бүгінде барлық ақпарат ашық қолжетімді. Сол Бірінші несие бюросында несие тарихын жаңартуға өтініш беруге болады. Көптеген мәселені адам делдалсыз-ақ өз бетінше шеше алады".
Неге ипотекалық брокерлердің қызметіне сұраныс артты?
Мөлшерлеменің өсуі мен несие беру шарттарының қатаңдауы аясында мұндай делдалдардың қызметіне деген сұраныс расында артып келеді. Көптеген қарыз алушы үшін банктен бас тарту алғаннан кейінгі брокерлер соңғы үмітке айналады.
Дегенмен, сарапшылар келісімшартты мұқият зерделеп, төлем шарттарын тексеруге және мынаны есте сақтауға кеңес береді: ешбір делдал ипотеканың мақұлдануына кепілдік бере алмайды.
Қорытынды шешім кез келген жағдайда банктің құзырында қалады.
Тағы оқыңыз: Ипотека 1 шілдеден бастап арзандайды. Бұл тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?