Үй бұзылып, бәрі көшіріледі: Қазақстандағы ауқымды реновацияның егжей-тегжейі белгілі болды

Үй бұзылып, бәрі көшіріледі: Қазақстандағы ауқымды реновацияның егжей-тегжейі белгілі болды Фото © Tengrinews.kz

Реновация бағдарламасына ілінген үйлердің тұрғындары сот шешімімен көшірілуі мүмкін. Мұндай жағдай қандай кездерде орындалатынын Өнеркәсіп министрлігі Құрылыс істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев айтып берді, - деп хабарлайды TengriHome тілшісі.

Қазақстандағы тұрғын үй реновациясы: қай өңірлерде инвестор табылған жоқ?

Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрғын үйлерді реновациялаудың ауқымды бағдарламасы басталды. Ол ескі және апатты жағдайдағы үйлерді бұзуды, тұрғындарды көшіруді және жаңа зәулім үйлер салуды көздейді. Әдетте бұл жұмысқа жаңа ғимараттардың ауданы мен қабат санын арттыру арқылы пайда табатын инвесторлар тартылады.

Жарнама
Жарнама

Өнеркәсіп министрлігі Құрылыс істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаевтың мәліметінше, барлық әкімдік жол карталарын ұсынған.

"2026 жылға дейінгі жоспарды айтар болсақ, барлығы 224 үй сүрілуге тиіс. Бүгінде оның 44-і бұзылды. Жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады, сол кезде қорытындысын көреміз. Инвестор табуда қиындық туындаған өңірлерге келсек, қазіргі уақытта бұл - Жамбыл облысы. Бұл аталған бағдарлама бойынша қызығушылық танытқан инвестор жоқ жалғыз өңір", - деді ол.

Реновацияға барлық тұрғын келісуі тиіс

Үйді реновациялауға инвестор тарту үшін барлық меншік иелерінің келісімі қажет.

"Тіпті бір ғана тұрғын қалса да, оның келісімі қажет. Бір пәтерде бірнеше адам тіркелген болса да, сол тұрғын үйден үлесі бар жандардың бәрінің келісімі міндетті. Инвесторларға жүз пайыздық кепілдік тұрғындардың жүз пайыздық келісімі болғанда ғана беріледі", - деп түсіндірді Қанат Мыңбаев.

Егер біреу жобамен келіспей, көшуден бас тартса не болады?

"Сот арқылы көшіру мәселесіне келсек: егер тұрғын үй адам өміріне қауіп төндіретін болса, бұл жағдайда соттың көшіру туралы шешімі шығады", - деп толықтырды спикер.

Пәтердің орнына өтемақы

Егер меншік иесінің өзі келіссе, пәтердің орнына ақшалай өтемақы алуға болады.

"Меншік иесінің таңдау құқығы бар. Ол өтемақыны таңдай алады. Оған, мәселелен, өзі қалаған жерден баспана сатып әперуі мүмкін немесе салынып жатқан үйден жаңа пәтерді күте алады", - дейді Қанат Мыңбаев.

Пәтер құнын тұрғындардың өздігінен белгілеуіне болмайды. Өтемақы мөлшерін әкімдік конкурс арқылы таңдаған тәуелсіз бағалау компаниясы анықтайды.

"Егер үй иесі өтемақымен келіспесе, ол аккредиттелген ұйымды тарта алады. Бірақ бұл жағдайда әкімдік мұндай компаниялар арасында конкурс өткізіп қойған, бағалауды аккредиттелген ұйым жүргізеді. Бағалау кезінде баспананың жай-күйі, орналасқан жері, шаршы метрі мен жер учаскесінің көлемі ескеріледі. Мүлікті бағалау кезінде осының бәрі маңызды рөл атқарады", - деп түйіндеді спикер.

Тұрғын үй реновациясы бағдарламасының егжей-тегжейі

Реновация - бұл ескі үйлерді жаңартуға бағытталған бағдарлама. Оның аясында тозығы жеткен және апатты жағдайдағы үйлер бұзылып, олардың орнына жаңа тұрғын үй кешендері, жолдар, мектептер, балабақшалар және басқа да инфрақұрылым нысандары салынады.

Қарапайым тілмен айтқанда, егер үй апатты деп танылса немесе реновация бағдарламасына ілінсе, тұрғындар көшіріледі, ал жер телімі жаңа құрылыс үшін пайдаланылады.

Тұрғын үй иелері не алады:

  • әдетте, ауданы ескі пәтерден кем түспейтін жаңа пәтер;
  • немесе меншік иесі осындай нұсқаға келіссе, ақшалай өтемақы.

Мәселен, маусымда Астанада 2030 жылға дейін реновациялауға жататын үйлердің тізімін бекітті. 2026 жылы бағдарламаға 25 нысан енеді, олардың басым бөлігі Сарыарқа және Байқоңыр аудандарында орналасқан. Тізімде барлығы 4 182 пәтерден тұратын 174 үй бар.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама