ПОДЕЛИТЬСЯ
01 қараша 2019 | 15:38
Қазақстанда 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі жүргізіледі
ПОДЕЛИТЬСЯ
Ауылдарды жылдамдығы жоғары Интернетпен қамтамасыз ету жобасы аясында Қазақстан аумағында 20 мың шақырым байланыс желісі салынады. Бұл Жер ғаламшары меридианының жартысына немесе Нұр-Сұлтаннан Нью-Йоркке барып-қайту жолының қашықтығына тең, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында 83 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері жүргізілді. Олардың қатарында Алматы облысындағы Қалпе ауылы, Шығыс Қазақстан облысындағы Парыгино селосы, Қызылорда облысындағы Кейден ауылы және т.б. бар. Жыл соңына дейін дәл осындай жұмыс облыс пен аудан орталығынан шалғай жатқан 685 ауылда жүргізіліп, мектептер мен ауруханалар, әкімдіктер жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізбек.
Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Зульфия Құдайбергенованың айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін жоба аясында 1 250 шалғай ауылға талшықты-оптикалық желілер тартылады.
"Бұл еліміз үшін тарихи маңызы бар жоба. Осының арқасында 20 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі қазақстандық ауылдарға жүргізіледі. Бұл сондай-ақ ұялы байланыс операторларына өздерінің базалық станцияларын орнатуға және жақын маңдағы ауылдарды 3G және 4G байланысымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Құдайбергенова.
Шалғай ауылдарды талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықтағы Интернетпен қамтамасыз ету жобасын Қазақтелеком және Транстелеком компаниялары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты негізінде өз қаражатына іске асырып жатқанын естеріңізге салып өтеміз. Ал, мемлекет өз кезегінде 14 жыл бойы әкімдіктер мен мектептер және ауруханалар үшін телекоммуникациялық қызметтерді операторлардан сатып алуға кепілдік береді.
2020 жылы екінші жобаны іске асыруға кіріседі. Жобада LTE мобильді технологиясы арқылы 3 143 ауылдық елді мекен тұрғындарын кең жолақты Интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Показать комментарии
Читайте также