Астанада Орталық Азиядағы ең ірі Komatsu қызмет көрсету орталығының құрылысы басталды: 10 миллиард теңгеден аса инвестиция, халықаралық серіктестік және технологиялық серпіліс.
24 қыркүйекте Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ииджима Ясумаса, Komatsu Ltd. компаниясының (Жапония) топ-менеджменті өкілі Ямадзаки Сатоси, "КӨМЕК МАШИНЕРИ Қазақстан" бас директоры Мейірхан Мұхамадиев және басқаларының қатысуымен техника жабдықтарын күрделі жөндеу және қалпына келтіру бойынша өндірістік кешеннің құрылысы басталды.
"Бұл орталықтың ашылуы Жапония мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың дамуына жасалған жаңа қадам. Жаңа жоба елдің бүкіл ортаазиялық аймақтағы сервистік орталық ретіндегі рөлін нығайтады. Мұнда индустриялық базаны дамытуға ықпал ететін заманауи жапон технологиялары енгізіледі", - деді Ииджима Ясумаса.
Компания мәліметінше, техниканы күрделі жөндеу кешені (ComponentsRebuild Center - CRC) Орталық Азиядағы алғашқы әрі ең ірі қызмет көрсету орталығы болады. Ол Қазақстанның тау-кен компаниялары үшін жабдықтарды жөндеу уақытын және құнын айтарлықтай қысқартады, неғұрлым жедел қызмет көрсетуді, қосалқы бөлшектердің түпнұсқасын алуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ жаңа технологиялар мен жабдықтар арқасында бөлшектердің қызмет ету мерзімін ұзартады. Жобаны республика аумағындағы Komatsu ресми дистрибьюторы "КӨМЕК МАШИНЕРИ Қазақстан" ЖШС жүзеге асырып жатыр.
"Бұл жай ғана жаңа цех емес. Бұл – клиенттеріміздің сеніміне, өнімділігіне және болашағына жасалған стратегиялық инвестиция. Біз Mitsui Ltd және Komatsu Ltd.-мен бірлесіп, Қазақстанда Орталық Азияда тау-кен техникасына қызмет көрсетуді мүлдем жаңа деңгейге шығаратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын және тау-кен индустриясының дамуына серпін беретін әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды құрып жатқанымызды мақтан етеміз", - деді "КӨМЕК МАШИНЕРИ Қазақстан" бас директоры Мейірхан Мұхамадиев.
Қызмет көрсету орталығының ресми ашылу рәсімінде серіктестер көне жапон дәстүрі бойынша бойтұмар-қуыршақ Даруманың бір көзін бояды. Бұл жобаның басталғанын білдіреді. Құрылыс сәтті аяқталғаннан кейін қуыршақтың екінші көзі боялады. Бағдарламаның ең қызық сәттерінің бірі Komatsu PC300-8 экскаваторларының биі болды.
CRC жобасына жалпы инвестиция көлемі он миллиард теңгеден асты, ол тек жеке шетелдік инвестициялар есебінен. Компоненттерді жөндеу және қалпына келтіру бойынша жалпы аумағы бес мың шаршы метр болатын жаңа цех елорданың оң жағалауда орналасады. Орталық Komatsu заманауи стандарттарына сәйкес жабдықталып, қозғалтқыштар, трансмиссиялар, гидроцилиндрлер және ауыр тау-кен техникасының басқа да тораптарын толық циклмен – бөлшектеу, тазалау, ақауларды анықтау, жөндеу, құрастыру, сынақтан өткізу және бояу жұмыстарын орындауға мүмкіндік береді.
Құрылыстың бас мердігері ретінде күрделі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруда сенімді серіктес ретінде танылған Orbis Construction компаниясы таңдалды. Инженерлік сүйемелдеу ретінде Қазақстанның жетекші инжинирингтік компаниясы Engineering Services қатысады.