Телекоммуникациялар нарығын дамыту жөніндегі түзетулерді талқылау барысында Мәжіліс депутаты Марат Башимов үйдегі интернеттің сапасын сынға алды. Сондай-ақ ол бұл салада тұтынушылардың құқықтары бұзылып жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бүгін депутаттар "Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.
Мәжілісмен Марат Башимов телекоммуникация нарығын талқылағанда тек операторлардың құқықтары мен бәсекелестік туралы ғана емес, пайдаланушылардың құқықтары туралы да айту керек екенін мәлімдеді.
"Бұл салада азаматтардың конституциялық құқықтары, тұтынушылардың құқықтары жаппай бұзылып жатқанын бәрі біледі. Мен жолдың арғы бетінде тұрамын, тіпті үлкен жазба жарияладым, онда бәрі: "үйдегі интернет жұмыс істемейді" деп жазып жатыр. Бізге неге ертегі айтып отырсыздар?" - деді депутат премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке.
Мәжілісменнің айтуынша, адамдар байланыс қызметі үшін ақы төлейді, бірақ әрдайым лайықты сапа ала бермейді.
"Халықты сіздердің нарыққа кімнің кіретіні қызықтырмайды. Олар қызмет үшін ақы төлейді. Мен 15 000 төлеймін, сапалы интернет алғым келеді. Бірақ ол жоқ! Ал сіздер бұл жерде дәл осы тұтынушылардың құқығына тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырсыздар", - деп толықтырды ол.
Бұған жауап ретінде Мәдиев интернетке қолжетімділікті азаматтар үшін негізгі шарт деп атады.
"Біз бұл әрбір азаматқа жетуі тиіс негізгі шарт деп санаймыз. Егер интернетке қатысты мәселелер туындаса, әрқашан хабарласуға болады. Мемлекеттік орган мұны бақылауға алады", - деді шенеунік.
Сондай-ақ ол депутатқа көмектесуге уәде берді.
"Бүгін мен оны (ақпаратты – ред. ескерт.) алдым. Біз міндетті түрде қарастырып, көмектесеміз", - деп уәде берді министр.
Тағы оқыңыз: Байланыс 300 пайызға дейін қымбаттады – министрден себебі сұралды