ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 22 шілде 2026 15:29
17 жастағы жігіттер мен кей әйелдер: Қазақстанда автоматты әскери есепке алу жұмыс істей бастады
Қазақстанда әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидалары жаңартылды. Енді мерзімді қызметтен өтпеген немесе әскери дайындықтан өтпеген азаматтарға бейбіт уақытта қағаз түріндегі әскери билеттер берілмейді. Олар туралы негізгі мәліметтер цифрлық жүйеде сақталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Қорғаныс министрінің бұйрығына сілтеме жасап.
Әскери билет кімдерге берілмейді?
Бейбіт уақытта қағаз түріндегі әскери билеттер мынадай азаматтарға берілмейді:
- мерзімді немесе басқа да әскери қызметтен өтпегендерге;
- құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда немесе азаматтық қорғау органдарында қызмет етпегендерге;
- әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша ақылы негізде дайындықтан өтпегендерге;
- запастағы офицерлер немесе сержанттар бағдарламалары бойынша білім алмағандарға.
Мұндай азаматтарға әскери билет тек мобилизация, әскери жағдай немесе соғыс уақытында ғана беріледі.
Азаматтың мәртебесі, жарамдылық санаты және әскери қызметке қатысы туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесінде сақталады және электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте көрсетіледі.
Әскери билет кімдерге беріле береді?
Бейбіт уақытта әскери билеттерді бұрынғысынша мына тұлғалар алады:
- әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылғандар;
- әскери және арнаулы оқу орындарына түскендер;
- ақылы негізде әскери-техникалық дайындықтан өткендер;
- запастағы офицерлер немесе сержанттар бағдарламасы бойынша әскери кафедраны тәмамдағандар;
- әскери қызметтен запасқа шығарылғандар;
- Қазақстан азаматтығын алған және бұған дейін басқа мемлекеттерде қызмет еткен кейбір азаматтар.
17 жаста есепке автоматты түрде қойылады
Бозбалаларды әскери есепке алғашқы қою автоматты түрде жүргізіледі. Азаматтың 17 жасқа толған күні Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі оның есепке алу картасын жасақтап, оған "әскерге шақырылу алдындағы тұлға" мәртебесін береді.
Сондай-ақ жүйе азаматтың тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша жергілікті әскери басқару органын өзі анықтайды. Алғашқы әскери есепке тұру үшін бөлек жүгінудің қажеті болмайды.
Есепке алу картасын қалыптастыру үшін мемлекеттік жүйелер ЖСН, тұрғылықты жері, оқу немесе жұмыс орны, білімі, отбасы құрамы, жүргізуші куәлігі және денсаулық жағдайы туралы мәліметтермен алмасады.
Бұдан бөлек, жүйе адамның Қазақстан аумағында болуы, стационарлық емделуі, мүгедектігі, соттылығы, тергеліп жатқан қылмыстық істері мен соттарда қаралып жатқан істері туралы ақпаратты ала алады.
Әйелдер де автоматты түрде есепке қойылуы мүмкін
Әскери-есептік мамандық алған әйелдер де автоматты режимде есепке қойылады.
Колледж немесе жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жүйе цифрлық есепке алу картасын жасап, түлекке "әскери міндетті" мәртебесін береді және оның тұрақты тіркелген жері бойынша әскери басқару органын анықтайды.
Бұл барлық әйелдерге емес, тек алған мамандығы әскери-есептік мамандықтар тізіміне кіретіндерге ғана қатысты.
Тіркеу өзгерген жағдайда не болады?
Азамат жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркелген кезде тиісті әскери басқару органына автоматты түрде есепке ауыстырылуы тиіс.
Осылайша, әскери міндетті немесе әскерге шақырылушы бұрынғы мекенжайы бойынша есептен шығып, жаңа тұрғылықты жері бойынша есепке тұру үшін арнайы баруға міндетті емес.
Автоматты түрде есепке қою запасқа шығарылған, әскери оқу орындарынан шығарылған немесе бұрын әскери есепте тұрған болса, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар үшін де қарастырылған.
Кімдер есептен автоматты түрде шығарылады
Азаматтарды әскери есептен шығару да мемлекеттік цифрлық жүйелердің мәліметтері негізінде жүзеге асырылады. Бұл мына азаматтарға қатысты:
- запаста болудың шекті жасына толғандар;
- Қазақстан азаматтығынан шыққандар;
- есептен шығарыла отырып, әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар;
- бірінші топтағы мерзімсіз мүгедектігі барлар;
- қайтыс болғандар.
Әскери билет жоғалған жағдайда не істеу керек?
Егер бұрын берілген әскери билет жоғалса немесе бүлінсе, азамат жеті жұмыс күні ішінде электрондық үкімет порталы арқылы оның төлқұжатын (дубликатын) алуға өтініш беруі тиіс.
Әскери басқару органына шақырылған кезде өзіңізбен бірге жеке куәлік пен жүргізуші куәлігінің түпнұсқасын да, цифрлық құжаттар сервисіндегі олардың цифрлық нұсқаларын да алып жүруге болады.
Тегі немесе есімі өзгерген жағдайда не болады?
Егер қағаз түріндегі әскери билет иесінің тегі, есімі, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері өзгерсе, жүйе оның телефонына және электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетіне хабарлама жібереді.
Азамат өтініш білдіргеннен кейін әскери басқару органының қызметкерлері бір сағат ішінде әскери билетке өзгерістер енгізуі тиіс.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу