Елордада жеңіл рельсті көлік жүйесін салу жоспары алғаш рет 2005 жылы айтылған болатын, міне, 20 жылдан аса уақыт өткен соң жоба мәресіне жетті. Жақында жоба операторы City Transportation Systems (CTS) компаниясы сынақ жұмыстары аяқталғанын ресми түрде жариялады. Елорданың ең көп талқыланатын нысандарының біріне айналған жаңа көлік жүйесі алғашқы жолаушыларды қабылдауға дайын.
Қазір эстакадалар мен станцияларда не болып жатыр, үйреншікті автобустар баламасы қалай жұмыс істейді және ең бастысы, пойыздар қашан тұрақты қатынай бастайды? Tengrinews.kz жоба туралы осы уақытта белгілі барлық ақпаратты жинақтады.
LRT-мен қайда баруға болады?
LRT бағыты елорданың негізгі нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып (сол жерде пойыздарға қызмет көрсету депосы да салынған), "Нұрлы жол" вокзалында аяқталады.
Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін барлығы 18 станция бар.
Әуежайда навигациялық көрсеткіштер орнатылып қойған. LRT автобустар мен таксилерден бөлек, қалаға жетудің тағы бір тәсіліне айналады. Жол ақысы - 200 теңге.
Ал станциялар мен пойыздардың іші қандай?
Желіде әзірге жолаушылар жоқ, ресми іске қосылуы алда. Қазір эстакадалар мен станцияларда соңғы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен жерүсті метросының іші қандай болатыны қазірдің өзінде түсінікті.
Жол жүру билеттерін немесе көлік карталарын екі тәсілмен сатып алуға болады: қазіргі уақытта қызметкерлер қабылданып жатқан кассалардан немесе тікелей станцияға кіре берістегі өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары арқылы.
Фото: Tengrinews.kz
Станциялардағы навигация үш тілде ұсынылған. Сондай-ақ платформаларда жұмыс істейтін кезекшілер жолаушыларға бағыт-бағдар беруге көмектеседі.
LRT жолдары жерүстінен өтетіндіктен, станциялардың өзі екі қабатты етіп салынған. Мұндағы қозғалыс қисыны үйреншікті: жолаушылар бірінші деңгейге кіріп, жол ақысын төлейді, турникеттен өтіп, содан кейін эскалатормен немесе лифтпен екінші қабаттағы платформаға көтеріледі.
Платформалар жолдан шыны қоршаулармен оқшауланған, сондықтан байқаусызда рельске құлап кету мүмкін емес. Вагондарға отырғызу автоматты жылжымалы есіктер арқылы жүзеге асырылады, олар пойыз келгеннен кейін ғана ашылады.
Жақында әкім Жеңіс Қасымбек вагондардың ішін көрсетті. Ішкі безендіруде ашық сары түстер басым - жоспар бойынша, мұндай түстік шешім елорданың құбылмалы ауа райына қарамастан, салон ішінде "жылы" атмосфера қалыптастыруы тиіс.
Вагондардың ішіндегі навигациялық схемалар үйреншікті үлгіде жасалған - картадағы станция белгілері классикалық жерасты метросындағыдай көрінеді, сондықтан ешқандай түсінбеушілік туындамауы керек.
Желідегі пойыздар толығымен пилотсыз болады. Машинист кабинасының болмауы жолаушыларға қызықты бонус береді: бірінші вагонның ең алдынан орын алғандар елорда панорамасын пойыз бағыты бойынша "бірінші қатардан" тамашалай алады.
Жобаның негізгі міндеті - автобус бағыттарындағы жолаушылар жүктемесін ішінара азайту. CTS болжамы бойынша, жұмыстың бірінші жылында желі күн сайын 25 мыңнан 45 мыңға дейін адам тасымалдайды. Ал құрамдардың сыйымдылығына келетін болсақ, бір пойыз 600-ден астам жолаушыға есептелген.
Желі үшін барлығы 19 пилотсыз құрам қарастырылған. Қозғалысты ұйымдастыру төмендегідей: күн сайын бағытқа 15 пойыз шығару жоспарланып отыр, ал тағы төрт құрам техникалық ақау немесе жүктеме артқан жағдайға резервте болады.
Инфрақұрылымның тағы бір элементі - сәуірде желіде бағдаршамдар орнатылды. CTS мәліметінше, олар қосалқы қауіпсіздік функциясын атқарады: тек төтенше жағдайларда немесе жолдарда техникалық жұмыстар жүргізу кезінде қолданылады.
Нақты мерзімдерге келетін болсақ: сәуірде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жоба мамырда - шамамен алдағы екі-үш апта ішінде іске қосылуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Бззұл ретте тұрақты рейстер басталатын нақты күн әзірге белгісіз. Қызметтің ашылуын күту барысында желілер ретке келтіріліп, эстакада астындағы аумақ абаттандырылыр жатыр, мәселен, Қалдаяқов көшесі бойына осы мақсатта ағаштар егілді.
Mega Silk Way СОО маңында эстакада астындағы аумақ көше орындықтарымен және үстелдермен жабдықталды. Бұл алаң демалуға да, автобус күтуге де қолайлы.
Қалалық көлікпен интеграциялау автобус желісіне де қатысты болады. Бұған дейін CTS елордада LRT ашылғаннан кейін жаңа автобус бағыттары іске қосылатынын хабарлаған - олар жақын маңдағы аудандарды жерүсті метро станцияларымен байланыстыратын тасымалдаушы көлік рөлін атқарады.
Желі жерүсті эстакадасы арқылы өтіп, жолдың жүру бөлігінен толық оқшауланған. Бұл автомобильдермен және әдеттегі бағдаршамдармен қиылысу мүмкіндігін жоққа шығарады. Пойыздардың ең жоғары жылдамдығы сағатына шамамен 80 шақырым болады.
Тұрақты рейстер әлі басталмаса да, эстакадалардағы сынақ құрамдары қала пейзажының үйреншікті бөлшегіне айналып үлгерді. Қозғалыстағы пойыздар өтіп бара жатқан адамдар мен оларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде белсенді бөлісіп жатқан мобилографтардың назарын жиі аударады.
Әлеуметтік желі қолданушылары тіпті түсірілімге ыңғайлы ең жақсы орындардың координаттарымен бөлісе бастады. Жарияланымдарға қарағанда, өтіп бара жатқан құрамдарды жақсы ракурстан түсіруге болатын ең танымал нүктелердің бірі қазір Қалдаяқов көшесінде орналасқан.
LRT-ның іске қосылуы негізгі магистральдардағы трафикті шамамен 5 пайызға төмендетеді деп күтіледі. Дегенмен, мұндай шамалы қысқару қарапайым жүргізушілер үшін қаншалықты байқалады деген сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.
Қиял мен шындық
Болашақ көлік жүйесінің алғашқы эскиздері 2022 жылы жарияланды.
Егер сол рендерлерді дайын нысандармен салыстырсақ, бастапқы тұжырымдаманың соңғы кезеңге дейін іс жүзінде өзгеріссіз жеткенін көруге болады.
Дизайнерлер компьютерлік рендерлерде болашақ перрондар мен отырғызу аймақтарын шамамен осылай елестеткен.
Жақында әкім көрсеткен станциялар бірінің шынайы көрінісі осы ескі компьютерлік нобайларды көп жағынан қайталайды.
Шамамен бір жыл бұрын Tengrinews.kz оқырмандары Астанадағы эстакаданың сыртқы көрінісі Қытайдың Сиань қаласындағы көлік жүйесіне өте ұқсас екенін байқаған. Бұл ұқсастық түсінікті, өйткені елордалық жоба бастан-аяқ қытайлық технологиялар бойынша және ҚХР мамандарының қатысуымен салынып жатыр.
Болашақта қала билігі желіні қала маңындағы Қосшыға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Жобаның екінші кезегін дайындауға қазірдің өзінде кірісіп кетті - жақында эстакаданың жаңа учаскесі үшін алғашқы темірбетон арқалығы құйылды. Дегенмен, көлік желісінің қала ішінде әрі қарай жалғасатыны туралы айту әлі ерте.
"Басқа амалымыз жоқ"
Жылдар бойы сыбайлас жемқорлық дауларымен және басты "сақалды құрылыс" мәртебесімен байланыстырылып келген жоба, ақыры, соңғы сынаққа жетті. Оның болашағына қатысты пікірталасқа бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нүкте қойған болатын. Жобаны қате деп атаған ол, басқа амалымыз жоқ екенін ашық айтты: Құрылысты тоқтатса, шығын одан да көп болар еді. Үкімет пен әкімдікке жобаны соңына дейін жеткізу тапсырылды.
Енді пойыздар сынақтан өтіп жатқанда, астаналықтарға тек ресми іске қосылуды күтіп, көліктің тиімділігін іс жүзінде тексеру қалды.