Алматыда полиция ірі алаяқтықтың алдын алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел іс-шаралар барысында "Киберпол" қызметкерлері қоғамдық орында күдік тудырған ер адамға назар аударған. Ол бетперде тағып, қара көзілдірік киіп, сөмке асынып жүрген. Тексеру кезінде оның сөмкесінен 27 миллион теңгеден астам қолма-қол ақша табылды.
Белгілі болғандай, ұсталған адам алаяқтарға ақша жеткізуші — дроппер рөлін атқарған.
Жедел уәкілдер, бұл қаражатты күдіктіге бірнеше күн бойы "арнайы іс-шараға" қатысып жатырсың деп сендірілген әйел адам бергенін анықтады. Әйелге бейтаныс адамдар қоңырау шалып, ешкімге тіс жармауды және ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап еткен. Полиция қызметкерлері әйелдің үйіне барғанда, ол есік ашпаған. Алайда, кейінірек оны банк бөлімшесінен кездестірген. Сол жерде жедел уәкілдер әйелдің алаяқтарға 4 миллион теңге шамасындағы қаражатты аударып үлгергенін анықтады. Полицейлер мен банк қауіпсіздік қызметінің шұғыл әрекетінің арқасында бұл сома қайтарылды.
"Оперлік қырағылық күмәнді жағдайды дер кезінде анықтап, алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қоюға және ірі көлемдегі қаражатты сақтап қалуға мүмкіндік берді. Тағы да азаматтарды ескертеміз: бейтаныс қоңырауларға сенбеңіздер, ақша аударуға асықпаңыздар. Күдік туындаған жағдайда, бірден полицияға хабарласыңыздар, – деді Алматы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Жедел уәкілдер мен банк қызметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде алаяқтар иемденбек болған 32 миллион теңге көлеміндегі қаржы толықтай сақталып қалды. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша жедел және тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!