ПОДЕЛИТЬСЯ
15 сәуір 2022 | 12:43
"5 тәулікке қамауға алынады". Қазақстанда қайыр сұрауға бола ма?
Желіде Нұр-Сұлтанда қайыр сұрап жүрген баланы ұстап алып, полицияға өткізбек болған ер адамның іс-әрекеті қызу талқыланып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі заңгер Бағдат Амандосұлымен байланысып, болған жағдайға заң тұрғысынан баға беруін сұрадық.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Желіде Нұр-Сұлтанда қайыр сұрап жүрген баланы ұстап алып, полицияға өткізбек болған ер адамның іс-әрекеті қызу талқыланып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі заңгер Бағдат Амандосұлымен байланысып, болған жағдайға заң тұрғысынан баға беруін сұрадық.
Видео авторы Ақбөпе Тәңірберген "Көшеде еңіреп жылап жатқанын көріп, балаға жаным ашып кетті. Көпшілік мына ер кісінің әрекетін құптап жазып жатыр. Бұл қалай?", деп жазды.
Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, құқықбұзушылық жасаған тұлғаның іс-әрекетіне құқықтық баға беру үшін оның жасын анықтап алу өте маңызды.
"Біздің қолданыстағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде жас ерекшелікке байланысты ескерілетін жайттар бар. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық заңнамасында алты жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлғаны әкімшілік жауапқа тартуға болады. Кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн 10 айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды, яғни бұл бүгінде 30 630 теңге көлемін құрайды. Кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткiлiктi мүлкi болмаса, онда айыппұл оның ата-анасына немесе оларға жауапты адамдарға салынады", - дейді ол.
Ол қайыр сұрау дерегінің өзіне тоқталды. Заңгердің сөзінше, кодексте қайыр сұрауға болмайтыны нақты жазылған. Бұл заңға қайшы әрекет ретінде көрсетілген.
"Жас ерекшеліктің еш қатысы жоқ, бұл тек жаза мен айыппұлдың айырмасын көрсету үшін қосылған. Ал қайыр сұрағандарға материалдық көмек беруге келетін болсақ, заңда нақты жаза көрсетілмеген. Дегенмен, мұндай әрекет құқықбұзушылықтың одан әрі дамуына себеп болады", - дейді заңгер.
Бағдат Амандосұлы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстегі баптарды талдап берді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстегі 449-бапта қоғамдық орындарда қайыршылық жасаумен адамдарға тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру - жеке тұлғаларға ескерту жасауға не 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
"Ал бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса онда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады. Тағы бір ескеретін жайт, құқықбұзушылықтың осы түрін шетелдік не Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ адам жасаса, оған 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алады. Сондай-ақ, шетелдік азаматты Қазақстан Республикасы аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу жолдары да қарастырылған", - деді ол.
Мұндай әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған аудандық немесе оларға теңестiрiлген соттарға қарауға жіберіледі.
"Осы орайда егер сот құқықбұзушыны кінәлі деп таныса, онда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған адамның алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуына не қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуына не оның қылмыстық не әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген іс-әрекеті 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 10 (он) тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Бұл жағдай ата-анаға немесе балаға жауапты адамға қатысты", - деді Бағдат Амандосұлы.
Қайыр сұрау дерегінен туындаған қылмыстық істің соңы мұнымен бітпейді.
"Бұл жағдай өз кезегінде ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексіндегі 79-бап бойынша баланың жақын туыстары және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар, сондай-ақ, прокурор Ата-ана құқықтарын шектеу туралы талаппен сотқа жүгіне алады", - деп қосты заңгер.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также