Елордада заңсыз көші-қон ұйымдастырғандар сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана прокуратурасына сілтеме жасап.
Сот үкімі бойынша, елорданың екі тұрғыны шетел азаматтарының заңсыз көші-қонын ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.
"Сотталғандар пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарына жалған құжаттар мен көрінеу жалған мәліметтерді ұсынып, соның негізінде шетел азаматтарына заңсыз түрде тұрақты тұруға рұқсат берілгені анықталды. Олар бұл заңсыз әрекеттері үшін мүдделі тұлғалардан ақшалай сыйақы алып отырған", - делінген хабарламада.
Сот отырысында сотталушылар өздеріне тағылған айыпты толық мойындады. Барлық мән-жайларды ескере отырып, сот оларға тиісінше 1 жыл 6 ай және 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Мемлекет кірісіне заңсыз алынған жалпы сомасы 100 мың АҚШ доллары, 2,5 миллион теңге және 200 мың ресей рублі (жалпы 60 миллион теңгеге жуық) өндірілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!