ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 16 шілде 2026 09:01
69 бала қаза тапқан: ІІМ ата-аналарға үндеу жасады
Ішкі істер министрлігі қазақстандық ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларға бақылауды күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ жазатайым оқиғаларға талдау жасалғанын мәлімдеді. Ведомство балалардың қатысуымен суда болатын қайғылы жағдайлар санының артуына ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.
"Күн ысығанда көптеген баланың уақытын өзен-көлдерде өткізетіні жасырын емес. Шомылу маусымы басталғалы бері су қоймаларында 69 бала суға кетті", - деді ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Полиция мәліметінше, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жабдықталмаған жерлерде шомылу кезінде болады. Балалар көбінесе түбі тексерілмеген, ағысы қатты және иірімі бар стихиялы жағажайларда демалады.
Қайғылы жағдайлардың тағы бір себебі - ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. ІІМ ақпараты бойынша, ата-аналар немесе өзге де еріп жүрушілер демалыс кезінде жиі алкогольдік ішімдік тұтынады, соның салдарынан балалар қараусыз қалады.
ІІМ тыйым салынған жерлерде шомылу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Жыл басынан бері 2 700-ден астам адам жауапқа тартылды.
Полицейлер қазақстандықтарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды:
- арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылмау;
- су айдындарына жақын жерде демалғанда балаларды қадағалау және оларды назардан тыс қалдырмау;
- балаларға бейтаныс жерлерде шомылудың қатты ағыс, тас немесе қоқыстың болуы, жасырын иірімдер сияқты қауіптері бар екенін түсіндіру;
- сонымен қатар ыстықта суық суға шомылу денсаулыққа қауіпті, өйткені температураның күрт өзгеруі тамырлардың түйілуіне және дененің тартылуына (судороги) әкелуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында екі баланың өмірін қиған қайғылы жағдай болды. Қыздар суға құлап кеткен автокөліктің ішінде тұншығып қалған.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу