ПОДЕЛИТЬСЯ
15 шілде 2021 | 09:50
Әбсаттар қажы Дербісәлі неден қайтыс болғаны айтылды
Қазақстанның бұрынғы бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі неден қайтыс болғаны айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанның бұрынғы бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі неден қайтыс болғаны айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қажының өкілінің сөзінше, Әбсаттар Дербісәлі бүгін 02.00 шамасында өмірден өткен.
"Пневмония және негізі жүректен, яғни кардиологиядан қайтыс болды", - деді қажының өкілі.
Екі күн бұрын ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы дінтанушы ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған еді.
Әбсаттар қажы Дербісәлі - 1947 жылы 15 қыркүйекте Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған.
ҚР халыққа білім беру министрлігі жанындағы шығыстанушылардың оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, КСРО Шығыстанушылар Ассоциациясы Қазақ бөлімінің бюро мүшесі, КСРО Ғылым Академиясы Шығыс әдебиетін үйлестіру кеңесінің, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің, ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі.
Қазақтың шет елдермен достық қоғамы Қазақ-Араб бөлімі төрағасы болған. КСРО Халыққа білім беру мемлекеттік комитетінің Құрмет Грамотасымен (1984) марапатталған. ҚазМУ-дің әл-Фараби атын алуына үлкен еңбек сіңірді, Республиканың 10 мемлекеттік университетерінің "Құрметті профессоры", Халықаралық "Араб тілі" Ғылым Академиясының (Каир) академигі. Дербісәлі республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі болған.
Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін 2002 жылы Египет Араб республикасының 1-дәрежелі "Ғылым және өнер" орденімен, Қазақстан ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін 2004 жылы "Парасат" орденімен және 2001 жылы "Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл", 2005 жылы "Қазақстан Республикасының конституциясына 10 жыл", 2008 жылы "Астанаға 10 жыл" мерекелік медальдарымен және 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрінің "Қазақстан республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін" белгісімен марапатталған.
2005 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудандық мәслихатының шешімімен "Түлкібас ауданының құрметті азаматы" және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының шешімімен "Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы" атақтары берілді. Ол Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымағы, діндераралық түсіністік пен сыйластықты арттыруда да игілікті істер атқарған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также