Атырау облысындағы жантүршігерлік оқиға бірнеше айдан бері Қазнетте талқыланып жатыр. Күдіктілердің бірі Ақбаян Мұқанғалиеваның денсаулық жағдайына қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақбаян қазір қайда?
Бұған дейін күдіктілер Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаянның Индонезиядан Алматыға жеткізілгені хабарланған болатын. БАҚ мәліметінше, Сұлтан Ақбаянның ағасы мен әпкесі - Наурыз бен Мейрамгүлді өлтіргенін мойындап, олардың мәйітін бұрын өзі жалға алған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласына көмгенін айтқан.
Туыстарының мәліметінше, қазір Ақбаян Атырауда.
"Біз оның психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын білмейміз. Ақбаянның енесінің айтуынша, қазір ол Атыраудағы психиатриялық мекемеде (психиатриялық көмек көрсететін медициналық ұйым – екс.) жатыр", – деді отбасының туысы.
Бұған дейін редакция әйелдің денсаулық жағдайына қатысты Атырау облысы Полиция департаментіне сауал жолдаған, алайда жауап алған жоқ. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірдің Денсаулық сақтау басқармасына да жүгіндік. Денсаулық сақтау басқармасы полицияға жүгінуге кеңес берді.
"Қылмыстық іс қозғалған. Бұл мәселе бойынша полицияға жүгіну қажет", - деп жауап берді басқарма.
Мән-жайды анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірлік Полиция департаментіне сұрау жолдадық.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!