ПОДЕЛИТЬСЯ
07 шілде 2022 | 09:45
Ақмола облысында қола дәуіріне жататын құнды қыш ыдыстар мен әшекейлер табылды
Археологтар жәдігерлерді ежелгі Кеңөткел қорымын зерттеу кезінде тапты. Мамандардың сөзінше, құнды дүниелер біздің заманымызға дейінгі 17-ғасырдың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Археологтар жәдігерлерді ежелгі Кеңөткел қорымын зерттеу кезінде тапты. Мамандардың сөзінше, құнды дүниелер біздің заманымызға дейінгі 17-ғасырдың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Кеңөткел қонысы - Ақмола облысындағы ең үлкен қоныстардың бірі. Бұл жер сонау 1980 жылдардан бері зерттеліп келеді. Содан бері тарихшылар дәл осындай 200-ден аса археологиялық ескерткіштерді тапты. Бір қызығы, бұл маңайдан бір емес, бірнеше дәуірге тиесілі жәдігерлер табылып жатыр.
"Ең бір ерекшелігі, қыш ыдыстардың ішінде биыл ең бірінші рет табылып тұрғаны, кішігірім осындай қыш ыдыс. Яғни, сусын ішетін болса керек. Бұл жерде оюлардың кездесуі, бұл сол қола дәуірінің соңғы кезеңі болса керек. Өйткені ол кезде қыш ыдыстарда оюлар жасамаған. Яғни мұның мәні жоғала бастайды. Бірақ қола дәуірінен кейін ерте темір дәуірі келеді. Ерте темір дәуірінің қыш ыдыстарында ою кездеспейді. Яғни ол кезде кәдімгі алғашқы көне түркі жазулары пайда бола бастайды. Қыш ыдыста сол көне түркі жазуына ұқсас өрнектердің белгілері тұр", - деді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Жасұлан Үкеев.
Сондықтан бұл жәдігерлер алдағы уақытта түрлі өңдеуден өткізіліп, жан-жақты зерттеледі. Осыдан 3 жарым мың жыл бұрынғы қыш ыдыстардың ою-өрнектерінде нақты қандай мән бар екенін енді ғалымдар анықтайды.
Қыш ыдыстардан бөлек, бұл маңайдан бірнеше қола әшекей бұйымдар да шыққан. Алайда олар толық емес. Соған қарап мамандар, олардың тоналған болуы мүмкін деп болжап отыр. Әйтпесе, ежелгі тас ғасыры, қола және темір дәуірі мен ортағасырлық мәдениетті бойына бүгіп жатқан бұл жерден көптеген құнды жәдігерлер табылуы тиіс еді.
"Кеңөткел елді мекенінде тұрған Андронов мәдениетінің өкілдері ежелгі Мысыр перғауындарымен замандас бір дәуірде өмір сүрген. Былай тарихи параллель жасайтын болсақ. Сол дәуірде осы жерді мекендеген болатын. Ал Андронов мәдениеті де ғылыми тілмен айтсақ, үлкен алып ареалды иеленген болатын", - деді тарихшы Талапкер Уәлиев.
Айта кетейік, осы қоныстан өткен жылдары металлургия пештері де табылған еді. 40 жылдан аса зерттеліп келе жатқан қорым, әлі 10 шақты жыл ізденісті талап етеді дейді ғалымдар. Ал барлық жәдігерлер толық зерттелсе, бұл қазақ жерін мекендеген ежелгі адамдардың өнеркәсібі қаншалықты жақсы дамығанына айқын дәлел болмақ.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также