Халықаралық кинология федерациясының (FCI) басшысы Тамаш Яккель Астанаға сапары барысында Қазақстан Президентіне ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамытуға жеке көңіл бөлгені үшін алғыс айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Тамаш Яккель Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп, Қазақстанның кинологияның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
"Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Қазақ топырағына алғаш рет табаным тиіп отыр. Мен үшін Президент мырзамен кездесу – зор мәртебе. Емен-жарқын әрі достық рәуіште әңгімелестік. Мен Мемлекет басшысына FCI мүшесі саналатын кинологиялық клубты қолдау қаншалықты маңызды екенін айттым. Өйткені біздің федерация франшиза жүйесі ретінде жұмыс істейді. Яғни, біз берген кез келген құжат немесе иттің шығу тегі туралы анықтама әлемнің бес құрлығындағы 100 елде мойындалады. Біз қазақ тазысы туралы пікір алмастық. Екі жыл бұрын FCI осы ит тұқымын таныған еді", - деді Халықаралық кинология федерациясының басшысы Тамаш Яккель.
Ол былтыр Хельсинкиде өткен дүниежүзілік көрмеде төреші болғанын, сонда қазақы тазы тұқымын "World winner" (Әлем чемпионы) атағына лайық деп тапқанын айтты.
"Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, өз шешімімнің дұрыс екеніне күмәнім жоқ. Сонымен қатар Қазақстан Президенті де тазы асырайды екен. Маған Ақорда ауласында орнатылған тазы мүсінін көрсетті. Әрбір асыл тұқымды ит, соның ішінде қазақтың тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады. Сондықтан тазы арқылы Қазақстанның дүниежүзілік кинология қоғамдастығында өзінің лайықты орнын тапқанына қуаныштымын", - деді Тамаш Яккель.
Ол бұл сала мамандарына мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
"Мен Президенттен отандық мамандарға қолдау көрсетуді өтіндім. Саясаткер немесе Мемлекет басшысының өзі сапаға көңіл бөлсе, түбінде оның игілігін бүкіл жұрт көреді. Осынау керемет елмен жақынырақ танысып, жақсы әсерлермен аттанамын деп үміттенемін. Алдағы жексенбіде халықаралық иттер көрмесінде төреші боламын. Бір мезетте 60 қазақ тазысын ешқашан көрмеппін. Сондықтан айрықша ықылас танытып отырмын", - деді Халықаралық кинология федерациясының басшысы.
Еске салайық, 30 сәуірде Мемлекет басшысы Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады. Кездесуде қазақы ит тұқымдарын сақтау және тұрақты генетикалық қорын қалыптастыру ісінде халықаралық федерациямен ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!