ПОДЕЛИТЬСЯ
Кеше | 10:59
Ақтаудағы ұшақ апатында тірі қалған жолаушы сұхбат берді
Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) J28243 рейсімен Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушысы болған оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) J28243 рейсімен Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушысы болған оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.
Субхонкул Рахимов AZAL ұшағының апатқа дейінгі оқиғалары мен экипаждың жолаушыларға қалай көмектескені туралы айтып берді.
Тәжікстан тумасы соңғы 24 жылда Ресейде тұрып, сол жақтың азаматтығын алған.
"Мен сол кезде мүлгіп отырған едім, кейін ұшақ биік көтеріле бастағандай сезілді. Көзімді ашсам, тұман көрдім. Астыңғы жағында тұман, ештеңе көрінбейді. Сонда мен ұшақ екінші айналымға барып, қайта қонатын шығар деп ойладым", – дейді Рахимов.
Ұшқыштың маневрлерінен ол ұшақ екінші рет қонайын деп жатыр деп түсінген.
"Бұл менің болжамым ғана. Грозный қаласы сол маңда болды ма, нақты айта алмаймын, өйткені оны көрмедім. Тек болжам ғана айта аламын", – деп түсіндірді ол.
Рахимовтың айтуынша, жарылыстан кейін бірден кейбір оттегі маскалары түсті.
Ол ұшақ қаптамасының зақымдалғанын да байқаған. Ұшақ қатты шайқалды, содан кейін ұшақ биіктей бастаған. Содан кейін ұшақ теңселіп, төменгі биіктікте тұрақтап ұшуды жалғастырған.
"Біршама уақыт өткеннен кейін теңіз көрінді, ауа райы да ашыла бастады. Сол кезде ұшақ біртүрлі, бақылаусыз қалған сияқты болып көрінді", – дейді ол.
Оның айтуынша, жарылыстан кейін ұшақ басқаруға келмей қалғандай болып, "қалтақтап, шайқала" бастаған.
Жолаушылар осы сәтте қатты қорқып, бұл олардың өміріндегі соңғы сәттер болуы мүмкін екенін сезіне бастаған. Рахимовтың өзі дұға оқып, креслода отырып намаз оқыған.
Ер адам ұшақ құлағаннан кейін есін жоғалтпағанын, бірнеше рет артқа ұшып кеткенін және басымен соққы алғанын айтады.
"Көз алдымда от, сарғылт жалын көрдім. Кейін… бәрі бірнеше секунд ішінде болды. Содан кейін тыныштық орнады. Тып-тыныш. Мен тірі қалғаныма қатты таңғалдым", – деп еске алады Рахимов.
Оның айтуынша, ұшақ жерге соғылғаннан кейін құйрық бөлігі алысқа ұшып кеткен. Өзі 39-орындықта, ұшақтың құйрық жағында отырған.
Ол ұшақ бортсерігінің батылдығына ерекше таңданғанын айтты. Бортсерік соңына дейін өз міндеттерін орындап, жолаушылармен сөйлесіп, оларды тыныштандыруға тырысты.
"Ол өзін керемет ұстады. Жазбамда оның дауысы бар, алаңдаулы дауысы. Ол әзербайжан тілінде сөйлеп, адамдарды тыныштандырып жатты. Ол бәрін нұсқаулыққа сай жасады, соңына дейін. Сол стюардесса соңғы сәтке дейін жолаушылармен сөйлесіп тұрды", – деді Рахимов.
Апаттан бірнеше минут өткен соң, Рахимов қауіпсіздік белдігін шешіп шыққан.Тірі қалған бортсеріктер жараланған, ал бір стюард ілініп қалып, әрең сөйлеген.
"Мен оларға: "Мұнда тез ашылатын қосалқы есік бар ма, соны көрсетіңіз?" дедім. Олар абдырап, ес жия алмай, маған жауап бермеді", – дейді ол.
Екі әйел орындықтарында қысылып қалған, Рахимов оларға көмектеспек болған, бірақ қолынан келмеген. Сол кезде жедел жәрдем көлігі келіп жетті.
Сондай-ақ, ол Қазақстанға апаттан зардап шеккен жолаушыларға дер кезінде көмек көрсетіп, ауруханада вице-министрдің келгені үшін алғысын білдірді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии
Читайте также