Ақтөбе маңындағы Шілісай массивінің тұрғындары әлі күнге дейін өткен ғасырдағыдай су тасып ішуге мәжбүр. Шенеуніктер жүйені қашан іске қосатынын Tengrinews.kz тілшісі анықтап көрді.
"Не кір жуа алмаймыз, не жуына алмаймыз", "бұл өмір емес, тірі қалудың қамы": тұрғындар не дейді?
Шілісай массивінде 100-ге жуық үй бар. Ауыл Ақтөбеден небәрі 30 шақырым жерде орналасқанымен, мұндағы жағдай өткен ғасырды еске түсіреді. Ауыл тұрғындары жалғыз су құдығына телміріп отыр: біріне оған дейін бір жарым шақырым, енді біріне үш шақырым жаяу жүруге тура келеді. Желідегі кез келген ақау массив тіршілігін тоқтатады – мұндай кездері жұрт сағаттап су таситын көлікті күтіп, кезекке тұруға мәжбүр.
Халық жалғыз құдыққа дейін шелек пен канистр арқалап, шақырымдаған жол жүреді. Әкімдік құны 1,5 миллиард теңге болатын су құбырын төртінші жыл қатарынан салып жатыр, бірақ жұмыс әлі аяқталмаған.
Көпбалалы ана Динара отбасының қажеттілігіне тәулігіне шамамен 500 литр су керек екенін айтады.
"Сусыз тіршілік бола ма? Мен көпбалалы анамын. Балалар далаға шығып ойнайды – оларды жуындыру, тамақтандыру, киімін жуу керек. Тек біздің отбасымыздың өзіне тәулігіне 500 литрге жуық су кетеді. Ал колонкадан сонша суды тасу оңай емес. Күніне бірнеше рет барамыз. Балалар да тасиды. Олардың да арқасы ауырып жүр", - дейді ауыл тұрғыны.
Фото Tengrinews.kz
Қыста су көзіне баратын жол көктайғақ болса, жазда аптап ыстық кедергі келтіреді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су тапшылығынан канистрлерді шанамен таситын балалардың көмегіне жүгінуге тура келеді.
"Бұл өмір емес, тірі қалудың қамы. Қыста балалардың шанамен су тасып жүргенін көріп ішің ашиды. Өздері кіп-кішкентай, әзер адымдайды. Көп дегенде 20 литр әкеледі, бітті. Ол не су болады? Ештеңеге жетпейді ғой", – деп кейіді жергілікті жұрт.
Фото Tengrinews.kz
Жергілікті тұрғындар 2025 жылы биліктің су жеткізуді ұйымдастырғанын, бірақ қатаң шектеу қойғанын айтады: арнайы техника аптасына екі рет келіп, бір отбасына 200 литрден артық су бермейді. Массив тұрғыны Зада бұл көлемнің қарапайым қажеттіліктерге де жетпейтінін айтады.
"Мына 200 литр деген ештеңеге жетпейді. Бір рет кір жууға немесе тамақ істеуге ғана болады. Одан кейін не істейміз? Тағы да барамыз. Біз үнемі өмір туралы емес, су туралы ойлаумен боламыз", – дейді әйел.
1,5 миллиардтық ұзаққа созылған құрылыс: әкімдік не дейді?
Тұрғындардың айтуынша, Шілісайдағы су құбырының құрылысы осыдан төрт жыл бұрын басталған, бірақ жоба созылып кеткен. Осы уақыт ішінде бірнеше мердігер ауысып, нысанды пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген.
"Жұмыс сапасы сын көтермейді. Бір мердігер тастап кетті, екіншісі де аяғына дейін жеткізбеді. Құбырлар төселген сияқты, бірақ пайдасы жоқ. Колонкаға дейін тас-талқаны шыққан жолмен барамыз. Қыста – мұз, жазда – лай. Бұл, әсіресе, қарт адамдарға өте қиын", – дейді жергілікті тұрғын Өмірбек Есеналиев.
Ал әкімдіктегілер нысанның проблемалы екенін мойындап отыр. Сынақ ретінде су жібергенде күрделі ақаулар анықталған – құбырлар қысымға шыдас бермепті. Билік өкілдері жосықсыз мердігердің үстінен сотқа шағым түсірілгенін айтты.
"Жалпы жүйе дайын, бірақ дәл осы ауыл ішіндегі желілерде мәселе бар. Су жіберілгенде құбырлар жарылып жатыр. Қазіргі уақытта қысыммен тексеру және ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді қалалық құрылыс бөлімінің өкілі Ақсұңқар Құлданбаев.
Шенеуніктер жобаның 90 пайызға дайын екенін және мамырдың аяғына қарай үйлерге су берілетінін айтып сендірді. Су құбырын екі жылдық кепілдікпен тапсыруға уәде беріп отыр.
Фото Tengrinews.kz
Әзірге Шілісай тұрғындары осы жолы уәде орындалар деп үміттеніп, канистрмен су тасуын жалғастырып жатыр. Шамасы, оларға тағы екі жыл күтуге тура келетін сияқты.