Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты тағы бір тергеу аяқталды. Tengrinews.kz тілшісі ІІМ-нен істің мән-жайын сұрап білді.
Үш адам қаза болған қайғылы оқиға бойынша негізгі іс сотқа жолданды. Сонымен қатар Алматыда осы жол-көлік оқиғасына байланысты тағы екі қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Не болды?
Істердің бірі бойынша полиция қызметкері – Алматы Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі күдікті ретінде танылды. Оған 370-баптың 4-бөлігі 1-тармағы ("Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік") бойынша айып тағылып отыр.
"20 мамырда Алматы ПД қызметкеріне – ПД басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты соталды тергеп-тексеру аяқталды. Ол әрекетсіздік танытып, соның салдарынан адам өліміне әкеп соққан жол апаты болған. Қылмыстық іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр", – деп хабарлады ІІМ ресми сауалға берген жауабында.
Бұл ретте ІІМ істің сотқа қашан берілетінін нақтыламады.
Мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ісіне қатысты не белгілі?
Сонымен қатар, ІІМ қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз беру ықтималдығына қатысты тағы бір қылмыстық істі тергеп жатыр. Әңгіме тыйым салынған сериядағы мемлекеттік нөмірлерді беру туралы болып отыр.
"ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған сериялы мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр", – деп хабарлады ІІМ редакция сауалына.
ІІМ іс бойынша нақты кім күдікті екенін нақтыламады - полиция қызметкері ме, әлде басқа лауазымды тұлға ма?
ҚР ІІМ видеосынан кадр
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.
Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.
Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшыларын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.
Жол апаты алдындағы көше жарысы: полицияның қатысы бар ма?
Әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін екендігі туралы видеолар тарады. Жарияланым авторларының уәжі бойынша, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысты болуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі видеоға сілтеме жасап, полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Жанжалдың салдары
Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайларын хабарлады.
"Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: "Үш адамның өмірі үшін 10 жыл тым аз" - марқұмдардың жақындары Алматыдағы ірі жол апаты туралы