әл-Фарабидегі жантүршігерлік жол апаты - прокуратура полицейге қатысты іс туралы айтты

әл-Фарабидегі жантүршігерлік жол апаты - прокуратура полицейге қатысты іс туралы айтты Әлеуметтік желілерден алынған фото

Алматы прокуратурасы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алматы прокуратурасы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Істің жаңадан саралануы

Редакцияның ресми сауалына жауап берген қадағалау органының мәліметінше, үш адамның өмірін қиған жол апаты дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі - "Алкогольдік масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр.

Жарнама
Жарнама

Анықтама: Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру қарастырылған.

Бұған дейін іс 345-баптың 4-бөлігі - "Жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу" бойынша қаралған. Бұл бап бойынша жаза: 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға дейін айыру.

"Қылмыстық іс бойынша оқиғаның мән-жайын объектив зерттеуге бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалып, өткізіліп жатыр", – деп хабарлады прокуратура өкілдері.

Тағы бір қылмыстық іс

Негізгі іспен қатар, полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты екінші қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Еске салайық, 26 наурызда ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев Алматы қалалық полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын..

"Ішкі істер органының қызметкері болған жүргізушіге қатысты дер кезінде шара қолданбау дерегі бойынша да қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қала прокуратурасының мәліметінше, бұл іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы - "ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік әрекетсіздік" бойынша қаралып жатыр", - деді қалалық прокуратура өкілдері.

Анықтама: Баптың санкциясында мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы көзделген.

Прокуратура өзге де кінәлі лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты.

"Қызметтік тексеріс нәтижелері бойынша уәкілетті бөлімшелер кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдады", - деп толықтырды қадағалау органы.

Дегенмен, нақты есімдер әлі аталған жоқ.

әл-Фарабидегі жол апатына қатысты іс сотқа қашан беріледі?

30 сәуірде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов журналистерге қылмыстық іс аясында қажет сараптамалардың алынғанын хабарлады.

"Қылмыстық істі тергеу бойынша барлық дерлік сараптама алынды. Алдағы екі аптада тергеудің аяқталғаны туралы жариялауды жоспарлап отырмыз, өйткені қажетті тергеу амалдары аяқталып жатыр. Тергеу соңына жетіп қалды", - деді ІІМ басшысының орынбасары.

әл-Фарабидегі қайғылы оқиғаның хронологиясы

Еске салайық, 21 наурызға қараған түні Алматыда ірі жол апаты болды: әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.

Mercedes маркалы көліктің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде ол мас болған.

Оған қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сонымен қатар мемлекеттік нөмір белгілері заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғады, бірнеше лауазымды адам қызметінен босатылды.

Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексерулер мен қызметтік тергеулер басталды. ІІМ Алматы ПД-ның бірқатар басшыларын қызметінен шеттетті, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.

Апат алдындағы көше жарысы: полицияның қатысы бар ма?

Әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін екендігі туралы видеолар тарады. Жарияланым авторларының уәжі бойынша, бұл жарысқа Полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысты болуы мүмкін.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі видеоға сілтеме жасап, полицейдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Жанжалдың салдары

Осыдан кейін 26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Сондай-ақ ІІМ тергеудің жаңа мән-жайларын хабарлады.

"Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру де, қылмыстық істер де аясында медиа кеңістікте таратылып жатқан ақпаратты қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексерілетін болады", - деп хабарлады бұған дейін департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілгені туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын атап өтті.

Тағы оқыңыз: “Үш адамның өмірі үшін 10 жыл тым аз“ - марқұмдардың жақындары Алматыдағы ірі жол апаты туралы

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама